Алматы әкімдігінің қираған ғимараты дроннан түсірілді

Алматыда қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде өртеніп кеткен қалалық әкімдік ғимаратын қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Қалпына келтіру процесі видеода көрсетілді.⠀

Дрон арқылы түсірілген видеода орталық вестибюль, үлкен акт залы және баспалдақтар түсірілген.

Алматы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, қала әкімдігінің ғимараты 2023 жылғы екінші тоқсанда толық қалпына келтіріледі.

Бұған дейін шенеуніктер Алматы әкімдігінің өртенген ғимаратындағы жөндеу жұмыстарының барысы туралы айтқан еді. Бірнеше ай ғана әкімдік ғимараты мен аумағын өрт зардаптарынан тазарту жұмыстары жалғасты. "ҚазҚСҒЗИ" АҚ қорытындысына сәйкес жарамсыз болып қалған агрегаттар мен құрылымдарды бөлшектеу жұмыстары жүргізілді.

"Ғимарат жалпы ауданы 3 363 065 шаршы метрлі төрт павильоннан тұрады. Жоба ғимараттың тарихи келбетін сақтап, қасбеттерін қалпына келтіруді, ішкі безендіруді қарастырады", - деп хабарлады әкімдік биылғы маусымда.

5 қаңтарда Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратына шабуыл жасалды. Тәртіпсіздік орнатқандар оны басып алып, кейін өртеп жіберген. Ішіндегі заттың бәрі толығымен жанып кеткен. Еске салайық, Алматы әкімдігінің ғимараты 80-жылдары, Дінмұхамед Қонаев кезінде салынған. Ол заңмен қорғалатын сәулет ескерткіштеріне жатады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!