Балаңыз полиция көлігінен не жедел жәрдем даусынан қорықпай ма? Қаңтар оқиғасына психологиялық талдау

Балаңыз полиция көлігінен не жедел жәрдем даусынан қорықпай ма? Қаңтар оқиғасына психологиялық талдау
Фото: AFP/Getty Images

Қаңтардың 4-інен 5-іне қараған түн алматылықтар есінде көпке дейін қалғаны сөзсіз. Бұл түні кейбірі жұмыстан қайтып келе жатса, кейбірі туған күніне дайындалған. Алайда жағдай былай ушығып кететінін ешкім болжай алмады. Қираған көліктер, қаңырап қалған көшелер мен дабылдар гүл қаланы бір сәтте апокалипсиске айналдырды. Massaget.kz тілшісі дүрбелеңді бастан кешірген қала тұрғындарымен және бұл жағдай оларға қалай әсер еткені туралы психолог Нұрсұлу Сейдаковамен сұхбаттасты. Алайда, алдымен алматылықтардың әңгімесін оқып алайық.

"Былтырғы туған күнімді ешқашан ұмытпаспын"

Алматы тұрғыны Милена Ұланқызы былтыр жыл басында 22-ге толған. Әдетте туған күнін жақындары мен достарының арасында өткізетін ол сол түні ешкімге хабарласа алмай, үйінде жалғыз қалған. 

"Дүрбелең басталған түні менің туған күнім еді. Үйде жалғыз қалдым. Кейін інім мен ағам келді. Ата-анам басқа қалаға кетіп қалған. Жыл сайын достарым мен құрбыларым түнде келіп құттықтайтын. Биыл да солай болуы керек еді. Бәріміз үйде дайындалып отырдық. Бір кезде 23:00-ге таман сіңілім хабарласып, жол жабылып, сырттан үрейлі дауыстардың шығып жатқаннын айтты. Тіпті Желіге де кіре алмай қалдық. Басында айтарлықтай уайым болмады. Біраздан кейін басылар деп ойладым. Басылмады. Бұл - менің жалғыз өткізген алғашқы туған күнім. Достарым да, жақындарым да болмады. Қорқынышты болды. Мұндай жағдай боларын мүлде күтпедім. Туған күнімде тілегін жалғыз тілек - қан төгілмесін. Бірақ тілегім орындалмады", - дейді ол.

Үйде жалғыз қалуға қорыққан бойжеткен көшеге шығып, достарының үйіне баруға бел буады. Бірақ оның айтуынша, қайтадан таңдау берілсе, сол түні сыртқа мүлде шықпас еді.

"00:00-ден кете достарым хабарласып, "такси жібереміз, өзің қалма, кел" деді. Бірақ такси таппаған соң, сыртқа шығып, өзім ұстадым. Бағыма орай, бір ағай да мен айтқан мекенжайға барады екен. Абай даңғылының бойына көтеріле бергенде көп адамды көріп, шошып қалдым. Олар орталық алаңға қарай жүгіріп бара жатты. Көбі ұрандатып жүр, қолдарында бір-бір таяқ. Такси жүргізушісі бір кезде тоқтап, оларды алаңға тегін апаратынын айтты. Мен одан алдымен мені жеткізіп салуын сұрадым. Қорыққаннан көзімнен жас шығып кетті. Жол бойында көлік тоқтатып, "шық, бірге жүріңдер, көліктен түсіңдер" деп зілді дауыспен бұйырып, ұрысып жатқандар болды. Үйден шыққаныма былай ешқашан өкінбедім. Достарыма жете алмай кетем бе деп уайымдадым", - Милена. 

Руслан Пряников / AFP / East News 

Reuters

"Дәл осылай жылап, дәл осылай қорқып көрмедім"

Алматыға 6 жыл бұрын көшкен Аида 5 қаңтардағы таңды аппокалипсис туралы фильмге ұқсатты. 

"Мен 5 қаңтарда таңертең жұмысқа баруым керек еді. Үйім Мәскеу бекеті бойында. Абай даңғылына қарай көтеріліп келе жатқанда бірнәрсенің жарылғанын естідім. Үрейлі дыбыс шықты. Қорыққаннан бір үйдің ауласына кіріп кеттім. Кейін "Мәскеу" ойын-сауық орталығының маңындағы полиция бекетінің өртенгенін байқадым. Метроға барсам, ол да жабық. Сол кезде мәселенің күрделеніп бара жатқанын түсіндім. Алматыға көшіп келгеніме биыл алтыншы жыл. Өмірімде дәл осылай жылап, дәл осылай қорқып көрмедім. Шынында "Легенда" фильміндегідей болды. Айнала бос, қаңырап жатқан дүкендер мен көшелер", - дейді ол. 

Александр Богданов/AFP/Getty Images

"Бұл оқиғаның уақыты да дәл таңдалған сияқты"

Психолог Нұрсұлу Сейдакова қала тұрғындарында "Қаралы қаңтардан" кейін қандай синдром пайда болғанын, мародерлердің іс-әрекетінің психологиялық тұрғыда қалай бағаланатынын, балалармен бұл туралы қалай сөйлесу керегін түсіндірді.

"Қаңтар оқиғасы біздің қаншалықты бейқам екенімізді көрсетті. Адамдарда тіпті қолма-қол ақша болған жоқ. Бұл оқиғаның уақыты да дәл таңдалған сияқты. Шынында, байқап қарасаңыз, жаңажылдық мерекеден кейін тұрғындар еш уайымсыз демалып жатты. Қолындағы барын сыйлыққа жұмсаған еді. Бұл оқиға халықтың қаржы қауіпсіздігі қоры болмағанын көрсетті", - дейді ол.

Маманның айтуынша, тұрғындарда алдымен қорқыныш инстинкті оянды. Кейін көпшілігі посттравмалық синдромға шалдықты.

"Адамда қауіп төнген кезде алдымен өз-өзін сақтау инстинкті оянады, жақындарымыздың амандығын ойлаймыз. Біреу бас сауғалап қорықса, бірі аш қалам ба деп қорқады. Иә, бұл - да қорқыныш түрі. Күнделікті өмірде мүлде ойланбайтын нәрселер мәселеге айналып кетті. Азық-түлік мәселесі, қауіпсіздік, ақша. Осының әсерінен көбінде үрей пайда болды. Ертеңгі күнге деген сенім болмады. Бұдан адамдарда посттравмалық стрестік ауытқу пайда болды. Бұл синдром жедел, созылмалы, кешіктірілген болып бөлінеді. Мұндай патология бұрын "ауған синдромы" не "шешен синдромы" деп аталатын. О баста, бұл синдром тек соғысқа қатысқан, не соғысқа қандай да бір қатысы барларға ғана қойылатын. Қазір қатты күйзеліске ұшыратқан, қорқыныш сезімін ұялатқан оқиғадан кейін кез-келген адамда бұл ауытқу синдромы пайда болуы мүмкін. Оның белгілері қандай? Ұйқы бұзылады, ертеңге деген сенім болмайды, мазасыздық. Бұл синдромға көбіне әйелдер мен балалар шалдығады", - дейді психолог.

"Балалар ата-ана көзінен үрей байқады"

"Қаңтар оқиғасы кезінде балаларға не болып жатқанын дұрыс түсіндіре алу - бұл да бір мәселе. Бала бұрын-соңды болмаған нәрсені көреді. Ата-ана көзінен үрей байқайды, сыртқа шығып ойнағысы келеді ғой. Егер сонда дұрыс түсіндіре алмасақ, ол бала ойында қалып кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда баланы бақылау керек. Қандай да бір дыбыстар бала санасында негатив ақпарат не травма ретінде қалмады ма? Бала қорқып қалмады ма? Соны байқау керек. Сіздің балаңыз полиция көлігі не жедел жәрдем даусынан қорықпай ма? Кешегі жаңажылдық отшашуда балаңыз қорықпады ма? Егер балаңыздан мұндайды байқамасаңыз, онда оны есіне салудың қажеті жоқ. Ал егер қандай да бір қорқыныш болса, онда мамандарға жүгінген дұрыс", - дейді психолог.

"Жаппай қолдау көрсететін тегін орталықтар жоқ"

"Оқиғадан кейін қандай көмек бере аламын деген ой болды. Әлеуметтік желіде тегін көмек көрсетемін деп жаздым. Оқу орындарындағы психологиялық көмек көрсететін қосымша кабинеттер ғана болмаса, бізде жаппай қолдау көрсететін тегін орталықтар жоқ. Мен секілді Желіде көмегін ұсынған жеке психологтар болғанын білемін. Мен алаңға шығып, қаза тапқан азаматтық белсендінің қызына психологиялық көмек бердім. Анасы былтыр қаза тапса, әкесі кішкентай кезінде қайтыс болған. Мен сол қызды өзім іздеп таптым. Оған көмек қолын созайын деп хабарластым. Әрине, анасынан айырылғаннан кейін бірден келе алмады. Анасының өлімі, мәйітхана, жерлеу рәсімі мен тергеу жұмыстары жиырма жасар тұл жетімді әбден жүдеткен еді. Тек төрт айдан кейін маған келіп, ішіндегісін ақтарды. Одан кейін қаңтарда алаңға шыққандарға шай тасып, дүрбелеңді өз көзімен көрген куәгермен де жұмыс істедім. Қазір де ара-тұра хабарласып тұрамын", - дейді Нұрсұлу Сейдакова.

Маманның айтуынша, қаңтар оқиғасы әр адамның осал тұсын көрсетті. Мысалы қаражаты жетпейтіндер ақшадан қиналса, қалада жалғыз тұратындар өздерін қорғансыз сезінген.

"Мұның салдары - халық аш, бұл менің жеке ойым. Тәртіпсіздік жасағандар арасында әйелдер де, жастар да жүр. Бұл - халықтың әл-ауқатының көрінісі ғой. Әйтпесе, олар басын қатерге тігіп, қауіпке бармайды ғой. Мародерлердің әрекетіне келер болсақ, олардың қылығын жаппай психоз деп бағалауға болады. Олар ешнәрсені ой елегінен өткізбей, бейсаналы түрде басқа адамдардың әрекетін қайталатайтын синдромға ұшырады", - дейді маман.

Tengrinews.kz/Әлихан Сәриев

Маманның айтуынша, ұйқысыздық, мазасыздық немесе болған оқиғаны оқтын-оқтын еске түсіру депрессияға әкеледі. Мұндай жағдайда бірден мамандарға жүгіну керек. Бұл сиптомдар қатарына ашуға тез бой алдыру, агрессия, кез келген нәрсеге ызалану да жатады. Көзбен көрген қаралы оқиғаны ұмытқанмен, осындай салдары сақталуы мүмкін.

"Ақпаратты сезім мүшелері арқылы қабылдаймыз ғой. Ми иіс сезу арқылы, көзбен көру, құлақпен есту арқылы кей оқиғаны бейсаналы түрде еске салады. Мәселен, Миленаның жағдайында қыс мезгілі, жаңа-жылдық атмосфера, туған күнінің келе жатқаны триггер-түртпек болуы мүмкін. Дауыс, даланың суық болуы, жаңажылдық безендірулер оның ойына қаралы күнді салуы мүмкін. Еске түсіру, көңіл-күйдің бұзылуы, қорқыныш, жүрек қағысының жиілеп, тыныстың тарылуы, қан-қысымының көтерілу сияқты кез-келген жағымсыз оқиғаның салдары, бұл - созылмалы посттравмалық синдром. Оқиғадан кейін ол бұл туралы ұмытып кеткен, алайда сыртқы факторлар жағымсыз сезімдердің қайта келуіне ықпал еткен", - дейді маман.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек