Естімеген елде көп: қазанға жылқының тезегін салып қайнату қандай ырым?

Естімеген елде көп: қазанға жылқының тезегін салып қайнату қандай ырым?

Желіде ерекше ырым туралы ақпарат тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ерболсын Батырбекұлы атты Facebook қолданушысы ел естімеген ырым туралы жазған. Оның сөзінше, сатып алған қазанға жылқының тезегін салып қайнату ырымы бар екен. 

Көптеген адам мұндай ырымның барын естіп аң-таң болған. 

"Естімеппін. О заманда, бұ заман", "Осындай нәрселерді қайдан тауып аласыңдар? Қазақта жоқ ырым", "Бірінші рет естіп тұрмын. Дені сау адам олай істемес", "Ол не бәле?", - деп пікір жазған Facebook қолданушылары. 

Енді бірі бұл ешқандай ырым емес екенін баса жазған. Сағадат Рахметжанов есімді қолданушының сөзінше, ол ырым емес, тек қазанды тазалау үшін жасалатын әрекет.

"Жылқының тезегінде неше түрлі шөптің қосындылары бар. Ертеден ата-бабадан жалғасып келе жатқан ұғым десек те болатын шығар. Қазіргі не бір улы қоспалар қосқан порошоктармен тазартуға болмайды, қазанға сіңіп қалады. Атам қазақтың құндылықтарын жоққа шығаруға болмайды. Қазақты надан ештеңе білмейді деуді доғару керек", - дейді ол. 

Ал Мәрия Бержанова есімді қолданушының сөзінше, мұндай ғұрып қазақта әуелден бар екен.

"Жаңа қазанды жылқының тезегімен қайнатуды құстыру дейді. Содан кейін қазан таза болады, әртүрлі металл қалдықтары кетіп, таңғалатын ештеңесі жоқ, қазіргі уақытта көп істелмейді", - дейді ол. 

Қазан құстыру деген ырым туралы Бақтыгүл Қадырбаева есімді қолданушы да жазған. 

"Қазанды құстырады деп айтады, естідім үлкендерден, бірақ жасағанын көрмедім! Қазір жаңа қазанның іші қарайып тұрса, құстырмапты деп жатады", - дейді ол.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина