"Бесінші баламды Ұлыбританияда дүниеге әкелдім". Шетелге оқуға түскен көпбалалы ана хикаясы

"Бесінші баламды Ұлыбританияда дүниеге әкелдім". Шетелге оқуға түскен көпбалалы ана хикаясы
Фото: Instagram/jadyra_jumakulbay

Жадыра Жұмакүлбай - "Болашақ" бағдарламасы бойынша Лестер университетіне оқуға түсіп, грант жеңіп алған көпбалалы ана. Бұдан төрт жыл бұрын журналист әрі радиожүргізуші төрт баласымен Ұлыбританияға аттанған. Шетелде төрт баламен оқу қиын болды ма? Күйеуі бұл шешімін қалай қолдады? Ұлыбританияда бала босануы. Massaget.kz тілшісі кейіпкерге осы сұрақтарды қойды.

Биыл оның жолдасы Ерлан Рысқали Ұлыбританияға "Арт менеджмент" мамандығы бойынша оқуға түскен. Отбасы екінші рет Тұманды Альбион еліне бір жылға келген. Ал Жадыра Жұмакүлбай 20 күн бұрын Ұлыбританияда бесінші баласын дүниеге әкелді.

32 жасымда төрт баламмен шетел асып, оқуға келдім

Кейіпкердің айтуынша, кішкентайынан шетелде оқуға ниет еткен. Бірақ бұл арманы тек 32 жасында іске асқан. Ал күйеуі тек бір мүмкіндік берген. 

"Кішкентайымнан шетелде оқуды армандадым. Анам мектеп кезімде "менің балаларым да шетелде оқыса ғой" деп армандайтын. Сөйтіп 32 жасымда төрт баламмен шетел асып келдім. Бір жылдары қытай тілін оқып, Қытайға бармақ болғанмын. Одан кейін үшінші балам дүниеге келгенде Қытайдың Тіл және мәдениет университетінің грантын ұтып алып едім, бірақ бас тартуыма тура келді. Кейін күйеуіме шетелде оқуға тағы бір тырысып көрсем деп сұрағанымда, ол маған IELTS (ағылшын тілінен тест - еск.) тапсыруға бір рет мүмкіндік беремін деді. Менде тек А жоспары болған, Б жоспары туралы мүлде ойламадым", - дейді Жадыра Жұмакүлбай.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ЖАДЫРА ЖҰМАКҮЛБАЙ (@jadyra_jumakulbay)

Жолдасым "түссең балаларды өзім бағамын" деді

Жадыра Жұмакүлбай оқуға түсерде әлеуметтік статусы көмектеспегені, керісінше кедергі болғанын айтады. Оның айтуынша, комиссия мүшелері төрт баламен шетелде оқу қиын болады деп қауіптенген. 

"Көпбалалы ана болғанымның көмегі болмады, керісінше, комиссия алдында отырғанда менің портфолиомды қарап, "көпбалалы ана екенсіз, оның үстіне күйеуіңіз әнші екен, қалай бармақшысыз?" деді. Оларда қауіп болды. Сонда мен күйеуім мені қолдап отырғанын, түссем "балаларды бағамын" дегенін айттым. Бұл шешімге мүлде өкінбейміз. Күйеуім алғашында түрлі жұмыс істеп те көрді. Мұнда күйбең тіршілік, қу тірлікті ойлап отырмайсың. Бұл жерде адамдар өмір сүруге құлшынысты арттырады", - дейді ол.

Instagram/jadyra_jumakulbay

Бұл - көпбалалы аналарға мотивация

Бұған дейін бағдарлама тарихында көпбалалы ана грант иегері атанбаған. Ал 2018 жылы Жадыра Жұмакүлбай бұл жағдайды өзгертті. Қазір оның суреті "Болашақ" офисінде ілініп тұр. 

"Лидс университетінде білім алған Гүлшекер деген апайым "аман-есен бітіріп келгенде суретіңізді "Болашақ" офисіне іліп қоямыз" деген еді. Ол кезде қалжың ретінде айтылған дүние. Қазір Халықаралық бағдарламалар орталығында менің суретім ілініп тұр екен. Бұл - көпбалалы аналарға мотивация. Оқуға түсу ғана қиын болар, одан кейінгі жағдайлар оңай. Бір адамның істегінін басқа адамдар да істей алады ғой", - дейді кейіпкер.

Instagram/jadyra_jumakulbay

 Бесінші баламды Ұлыбританияда тудым

Бұдан 20 күн Жадыра Жұмакүлбай бесінші баласын Тұманды Альбион елінде әкелді. Оның айтуынша, бұл елде адамға, әсіресе, балаға барлық жағдай жасалған.

"Менің биылғы визамда сақтандыру қарастырылмаған. Мен бұл елге келерде аяғым ауыр еді. Барғанда босанатын болсам, барлығы ақылы бола ма деп алаңдадым. Мемлекеттік денсаулық сақтау порталындағы барлық ақпаратты тексеріп көріп, оларға хат жаздым. Кейін маған баланы дүниеге әкелу 2000-3500 фунт (1 миллион 140 мың - 2 миллион теңге - еск.) арасында болуы мүмкін, бұдан басқа, баланы қандай қиындықпен дүниеге әкелгеніңізге де байланысты деп жауап берді. Сөйтіп көлігімізді сатып, тәуекел етіп келдік. Ал келгеннен кейін дәрігерге барғанымда "бізде бала туу кімге болса да тегін" деп жауап берді. Мен таңғалдым, шыны керек, бірақ босанғанша күмәнмен жүрдім. Баламды дүниеге әкелуім де, дәрігерде қаралуымыз да тегін болды. Дәрігерге бармас бұрын алдын ала хат келеді, сол уақытта барып үлгермесеңіз, 160 фунт (90 мың теңге - еск.) айыппұл төлейсіз. Бұл әр адамды жауапкершілікке үйретеді. Толғағым басталып, ауруханаға барғанда дәрігерлер маған жылы жүзбен қарады. Біздің елдей 10 әйелмен бір палатада жатпадық", - дейді ол. 

Кейіпкердің айтуынша, ол баланы перзентханадан шыққаннан кейін бір рет те ауруханаға бармаған. Дәрігерлер апта сайын келіп, ана мен баланың жағдайын тексереді екен. Бұдан басқа, балаға дүниеге келгеннен бастап оқуға кеңес беретін кітап тізімін де берген екен.

"Баламды босанғаннан кейін алып-жұлып ауруханаға апармадым. Дәрігерлер апта сайын келеді. Тіпті бойын, салмағын өлшейтін арнайы құрылғысын бірге әкеледі. Қазақта "бала қырқынан шыққанша әйелге сыртқа шығуға болмайды" деген бар ғой. Олар да осыны ұстанады екен. Перзентханадан шыққанда бізге сыйлық берді. Оның ішінде бір парақ қағаз бар. Онда баланың алғашқы кітап тізбегі жазылған. Қаланың кез келген кітапханасынан барып аласыздар деді", - дейді көпбалалы ана.

Instagram/jadyra_jumakulbay 

Бұл ел кез келген адамды өз шекарасына кіргізе бермейді

Ұлыбритания - виза алу қиын елдердің бірі. Елге кіру рұқсат қағазын кез келген адамға бере бермейді. 

"Ұлыбританияға виза алу бұрын оңай болған. Бұл ел кез келген адамды өз шекарасына кіргізе бермейді. Арнайы сайттары бар, сонда визаны заңды түрде алудың түрлі жолы көрсетілген. Осыдан төрт жыл бұрын визаны екі аптада алдық. Ал биыл Украина мен Ресей арасындағы соғыс кесірінен виза алу 7-8 аптаға ұзарып кеткен. Әрине, тез Super Prioritу визасы бар, олар 250-1000 фунт (140 - 570 мың теңге - еск.) арасында болады", - дейді журналист. 

Күтудің өзі - бір мәдениет

Кейіпкер ағылшындардың мәдениетіне үңіліп, олардың ерекшелігін айтты.

"Ағылшындар - өте сыпайы, мейірімді, кішіпейіл. Олар көмектесуге дайын. Бұл халық өзінің сондай қасиетін біледі. Шындығында, Еуропаның қанша еліне бардық6 cалыстырмалы түрде, ағылшындар сұраққа жауап беріп, тығырықтан шығу жолын табуға көмектесетініне көзіміз әбден жетті. Бірақ, бір ерекшелігі, олар заңнан аттамайды. Қазақстанда мәселенің тез шешілетініне, біреу арқылы, қоңырау арқылы шешілетініне үйреніп қалғанбыз ғой, ал мұнда асықпай "арбамен жүріп, қоянды алады" деген стратегия бар. Олар бәрін орнымен, уақытылы істейді. Процесс не үшін ұзақ болып кетті деп ойланбайды. Бір ғана мысал - кезекте тұру. Аялдамада тұрсаңыз, аяғыңыз ауыр болса да, қарт не бала болсаңыз да жол беріп, алға өткізбейді. Бәрі өз орнында, нешінші келдіңіз, сол орында тұрасыз. Ешкім ешкімге жақсылық жасауға міндетті емес. Бәрі күтіп тұрады. Күтудің өзі - бір мәдениет. Бәрі сәлемдесіп, "күніңіз сәтті өтсін" деп жүреді", - дейді ол.

Instagram/jadyra_jumakulbay

Қазақстанда ұрсып, жалынып жүріп кітап оқытсақ,
мұнда баланың өздігінен кітап оқып кеткенін байқамай қалдық

Көпбалалы ана ұлыбританиялық мектеп жүйесін түсіндіріп, балаларының сабақ оқуға зейіні артқанын айтты. Оның айтуынша, қазір балалары кітапхана ұмтылып тұрады.

"Мұнда бастауыш мектептер Қазақстандағыдай қосылып кетпеген. Бастауыш мектепте сабақ өте оңай. Сабақтар көбіне ойын арқылы өтеді. Біздің балалар қазақстандық қиын жүйеге үйреніп қалғаны сонша, бастапқыда рахаттанып жүрді. Бір қызығы, үй тапсырмалар аналитика, талдау, критикалық ойлауға негізделген. Бастауышта оқитындарда өзі төрт-ақ пән бар: Ағылшын тілі мен әдебиеті, Дүниетану мен Жаратылыстану бір пән, Математика мен Дене шынықтыру сабағы. Мектепте баланы кітап оқуға баулиды. Жұма бір кітап беріп жібереді, дүйсенбіде қайтару керек. Әр баланың кітап оқу күнделігі болады. Ол онда күніне қанша сөз оқығанын, не түсінгенін, қандай кітап оқығанын жазады. Қазақстанда ұрсып, жалынып жүріп кітап оқытсақ, мұнда баланың өздігінен кітап оқып кеткенін байқамай қалдық. Оған қоса, әр отбасы бір кітапханаға тіркеледі. Баланы деңгеймен оқыту жақсы жолға қойылған", - деп таңданды ол. 

Тамаққа ерекше көңіл бөлінеді

Жадыра Жұмакүлбай Ұлыбританияда болған бір қызық оқиғасын бөлісті.

"Тамаққа да баса назар аударады. Тамақ түріне қарай жалпы, халал, аллергиясы барларға арналған, глютені жоқ болып бөлінетінін көргенде таңғалдым. Мұндай жүйе тек ауруханада емес, мектептерде де бар. Бірде Лестерде университет хорына бардық. Үзілісте бәріне шай берді. Балаларым үстел үстінде тұрған маршмеллоуды жегісі келіп еді, менің танысым Эмили оларды тоқтатып, біздің мұсылман екенімізді ескеріп, "құрамында желатин бар-жоғын сұрап білейін" деді, - дейді Жадыра Жұмакүлбай. 

Instagram/jadyra_jumakulbay 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек