Тоқаев тарихи жеңіске жеткен спортшыны құттықтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үстел теннисінен аралас категорияда әлем чемпионы (15 жас) атанған Алан Құрманғалиевті құттықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап. 

Тоқаев Қазақстанда үстел теннисінің жанкүйерлері Аланды мақтан тұтатынын атап өтті.

"Осы жетістіктеріңмен шектелмей, беделді әлемдік турнирлерде ең жоғары жүлделерге ие болу үшін спорттағы шеберлігіңді шыңдай түсуіңе тілектеспін. Бұл міндет сенің қолыңнан келеді! Талмай еңбек ет, күрес және жеңістерге жете бер!" - деп жазылған Президенттің жеделхатында.

Еске салайық, 10 желтоқсанда қазақстандық Алан Құрманғалиев үстел теннисінен аралас категорияда әлем чемпионы (15 жас) атанғаны белгілі болды. 

Тунисте өткен жұптық сайыста Құрманғалиев мысырлық Хана Годамен бірге финалда португалиялық Тиаго Абиодане мен испаниялық Мария Берзосқа қарсы ойнады. Есеп 3:0 болды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!