Ақжарқын Тұрлыбай ісі: Нигерия билігі күдіктіні әлі экстрадицияламаған

Ақжарқын Тұрлыбай ісі: Нигерия билігі күдіктіні әлі экстрадицияламаған
Фото: © Shutterstock

Нигерия өкілдері Ақжарқын Тұрлыбай ісі бойынша күдіктіні әзірге экстрадициялаған жоқ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы өкілдері хабарлады.

Айта кетейік, 20 маусымда Адинду Нонсо Фортунның ұсталғаны белгілі болды. Содан бері 6 айға жуық уақыт өтті.

"Бұған дейін Адинду Нонсо Фортунды ұстау туралы хабарламаның Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына түсуіне байланысты дипломатиялық арналар арқылы Нигерияның құзырлы органдарына оны экстрадициялау туралы сұрау жіберілді. Қазір Нигерия тарапы мұны қарастырып жатыр", - делінген халықаралық-құқықтық ынтымақтастық қызметінің бастығы Артур Ластаевтың қолы қойылған жауапта.

Сондай-ақ, Бас прокуратура мәліметінше, Адинду Нонсо Фортунаға қатысты қылмыстық істі Алматы қалалық ІІД Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі 1, 3-тармақтары бойынша тергеп жатыр.

Еске салайық, 2014 жылы қазақстандық студент Ақжарқын Тұрлыбай таныстары көндіріп, Алматыдан Қытайға кеткен болтын. Оның ішінде Нигерия азаматтары да болған. Олар Ақжарқынға Гуанчжоудан Малайзияға киім тасымалдап бергені үшін ақша төлейтіндерін айтып уәде берген. Гуанчжоудан ұшар кезде Ақжарқын ұсталды. Оның сөмкесінен есірткі табылған.  

2015 жылы Тұрлыбай есірткі тасымалдағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған болатын.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек