Шығын - 1 миллиард теңге. Шетелден келген көліктерді заңсыз тіркеумен айналысқан ҰҚТ мүшелері ұсталды

Шетелден әкелінген көліктерді тіркеу есебіне заңсыз қоюмен айналысатын "Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ қызметкерлері мен өзге де азаматтардан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Олардың әрекетін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Астана прокуратурасымен бірлесіп анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет  агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, қылмыстық топ биыл қаңтардан бастап азаматтарды шетелдік көліктерді есепке қоюдың заңдылығына қатысты алдау арқылы өз қызметтерін ұсынып, олардың ақшалай қаражатын ұрлап, 486 көлікті заңсыз тіркегені анықталды. Әрбір көлік үшін заңсыз қызметтің құны 400 мың теңгеден 1,6 млн теңгеге дейін болған.

Қажет ақшаны алғаннан кейін күдіктілер көліктерді сатып алу-сату мәмілелерінің жазбаша формасын, мемлекеттік нөмірлер мен көлік құралдарын тіркеу туралы куәліктерді дайындағаны үшін мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртектерді қолдан жасаған.

ҰҚТ қызметі, оның ішінде ішкі істер органдарының мемлекеттік автоинспекторларының "Web-модуль" сервис орталығы" ақпараттық жүйесінде бұрын кәдеге жаратылған көліктер туралы мәліметтерді қасақана заңсыз жоюы және олардың орнына жаңадан әкелінген көліктердің мәліметтерін енгізу арқылы жүзеге асырылған. Сот санкциясымен төрт полиция қызметкері қамауға алынды.

Мемлекеттік баждар мен төлемдерді төлеуге арналған азаматтардың ақшалай қаражатын күдіктілер ұрлап, жеке қажетіне жұмсаған.

Осы адамдардың қылмыстық әрекеті нәтижесінде азаматтар мен мемлекетке 1 миллиард теңгеге төленбеген мемлекеттік баж бен алым түрінде залал келтірілген.

Осы іс бойынша қылмыстық топтың тағы 4 белсенді қатысушысы, оның ішінде Астана қаласы бойынша №2 мамандандырылған ХҚКО басшысы ұсталған.

Тергеу жалғасып жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!