Алматы облысында кішкентай қызды алабайлар талап тастады: ит иесі әлі жазаланбаған

Бауырын қорғамақ болып қос алабайға таланған жеті жастағы қыздың жақындары тергеудің дұрыс жүрмей жатқанына наразы. Оқиға жарты жыл бұрын болса да қабаған иттің иесіне әлі еш шара қолданылмаған, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Телеарна мәліметінше, ауыр жарақат алған Мәдина әлі күнге дейін емделіп жүр. Өйткені иттің тісі батқан беті мен жамбасы уақыт өте қисая бастапты. Пластикалық ота тек 15-ке толғанда жасалады екен.

Полицейлер қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Яғни қылмыс дәлелденсе, иттің қожайыны бір жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бүлінген бетінен бөлек, жамбасына батқан иттің екі азу тістерінің іздері де қыздың денесінде әлі көрініп тұр. Анасының айтуынша, сол оқиғадан кейін қызының мінез-құлқы өзгеріп, тұйық болып қалған. Ал иттің иесі көмектеспек түгіл, кешірім де сұрамады деп отыр.

"Осылай жаттым, көзімді жұма бердім дейді. Бірақ ит тырнай берген, жұла берген, аяғынан тартқан. Ит иесі кешірім сұрап келген жоқ. Қашып жүр ғой, бір сөзбен айтқанда", - дейді қыздың анасы Жансая Тұрсын.

Айта кетейік, бұл оқыс оқиға биыл жазда Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау ауылында болған. Көшеде ойнап жүрген Мәдинаны көршісінің екі бірдей иті талап тастаған. Артынша, кішкентай қызға тап берген иттің видеосы жарияланған болатын. Оқиғадан кейін бірден арыз жазған анасы арада жарты жыл өтсе де, істің әлі сотқа жетпегеніне ашулы. Сондай-ақ иттің иесі тек әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұлмен құтылып кете ме деп қорқады.

"Тергеу басқармасында болдық. Қазақстанда ит талағаннан біреу сотталды, қылмыстық жазасын алды деген тәжірибе бізде жоқ дейді. Міне, алты ай өтті. Сол уақыттан бері іс әлі сотқа жетпеген. Ешқандай шара қолданылмады", - дейді Мәдинаның жеңгесі Гүлжан Білманова.

Анасының айтуынша, Мәдина төңіректегі кішкентай балалармен және сіңлісімен бірге ойнап жүрген. Сол кезде үріп тұрған алабай сіңлісіне қарай шауыпты. Алайда қаршадай Мәдина сіңлісін қорғаймын деп итке бетін тосқан.

Ал полицейлер қазір тергеудің жүріп жатқанын жеткізді.

"Талғар ауданының полицейлері аталған деректі ҚР ҚК 114-бабы 3-бөлігі бойынша тіркеді. Денсаулыққа абайсызда зиян келтіру. Барлық қажетті тергеу шарасы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде баланың ауруханадан шығарылғаннан кейін жүргізілетін сараптамалар да бар. Іс бойынша түпкілікті процесс шешімі сараптама нәтижесі бойынша қабылданады. Істің тергеуі департамент басшылығының қатаң назарына алынды", - дейді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ернар Сайділдин.

Егер қылмыс анықталса, иттің иесі бір мың айлық есептік көрсеткіш немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Дегенмен Мәдинаның жақындары иттің иесі тезірек жазаға тартылып, моральдық шығынды өтесін деп талап етіп отыр. Өйткені қызының ем-домына көп қаражат керек. Сондай-ақ мұндай жағдай қайталанбас үшін қызға шапқан алабайларға да шара қолдануды сұрайды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!