1 күннен 8 жылға дейін. Облыс әкімі қызметінде ең көп отырған шенеуніктер

1 күннен 8 жылға дейін. Облыс әкімі қызметінде ең көп отырған шенеуніктер

Қазақстанда облыс әкімдері арасында ауыс-түйіс болғаны белгілі. Алайда басым көпшілігі қызметінде қалды. Massaget.kz тілшісі әкім қызметіне көп отырған шенеуніктер кім екеніне шолу жасады.

Су жаңа әкімдер кімдер?

Қазақстанда облыс әкімі қызметінде көп отырмаған шенеуніктер қатарында жаңадан құрылған облыс әкімдері бар. Мәселен, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев биыл маусымда ғана қызметіне келген еді. Демек, бар болғаны 6 ай болды.

Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Ауыс-түйістің бір шеті Алматы облысына да тиген еді. Өйткені жаңадан Жетісу облысы құрылды. Осы орайда Марат Сұлтанғазиев Алматы облысының әкімі болып биыл 11 маусымнан бастап қызметіне кіріскен еді. Оған да 6 ай болды. 

ҚР ҚМ баспасөз қызметі

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы биыл маусымнан бері осы қызметте. Бұған дейін шенеунік 2019 - 2021 жылдары Қарағанды облысы Ұлытау ауданының әкімі, одан кейін Парламентте Мәжіліс депутаты болған. Әбдіғалиұлының да әкім болғаны 6 ай.

Берік Әбдіғалиұлы 

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев қызметіне келгелі де 6 ай болды, ол да биыл маусымда тағайындалған болатын.

Бейбіт Исабаев

Су жаңа әкімдер қатарында БҚО әкімі де бар. Нариман Төреғалиев Батыс Қазақстан облысының әкімі қызметіне 2 желтоқсанда келді. Бұған дейін БҚО әкімі лауазымын Ғали Есқалиев атқарған болатын. Демек ол да су жаңа әкімдер қатарында. Алайда шенеунікке бұл өңір бұрыннан таныс. Ол 2012-2015 жылдары Ақжайық ауданының әкімі, 2015-2016 жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, ал 2016-2017 жылдары Орал қаласының әкімі болған еді. Демек, шенеуніктің бұл қызметте отырғанына 6 күн ғана.

senate.parlam.kz

Дархан Сатыбалды Түркістан облысының әкімі қызметіне биыл 31 тамыздан бастап кірісті. Бұл қызметке дейін шенеунік, дәлірек айтсақ, 2019 жылғы наурыздан бастап Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі болды. Шенеуніктің облыс әкімі болғанына 4 ай.

Бұрын премьер-министрдің орынбасары болған Ералы Тоғжанов Лұқпанұлы қазір Ақтөбе облысының әкімі. Ол бұл қызметке биыл 31 тамызда келді. Оған да 4 ай болды. Ал ол 2020 жылдан бастап Үкімет басшысының орынбасары болып келді.

Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов 

Бұрын облыс әкімінің орынбасары, қала әкімі болған Асайын Байханов кеше ғана Павлодар облысының әкімі болып тағайындалды. Демек, әкім қызметіне бір-ақ күн. Айдарбек Сапаров Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi болып биыл 1 желтоқсанда тағайындалды. Бұған дейін шенеунік әкім орынбасары, вице-министр қызметтерін атқарған болатын. Оның тағайындалғанына 1  апта ғана болды.

©Валерий Бугаев, omskportal.ru

Бірнеше ай болғандар

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов биыл 22 сәуірде қызметіне келген еді. Бұған дейін ол Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болған. Ал Нұржігітовке дейін бұл қызметте 2020 жылдың ақпанынан бері Бердібек Сапарбаев отырды. Демек, Нұржігітовтің қызметте отырғанына 8 ай. 

Telegram / Bort N1

Бұрынғы министр Серік Шәпкенов те қазір Атырау облысының басшысы. Шенеунікке бұл өңір таңсық емес. Өйткені 2016 жылдан бастап Атырау қаласының әкімі болса, 2018 жылдан бастап Атырау облысы әкімінің орынбасары болған. Кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне лауазымды қызметке кетіп, биыл 7 сәуірден бастап Атырау облысының әкімі болып өңірге қайта келген болатын. 

Серік Шәпкенов

БАҚ-та біраз уақыт Сапарбаевтың інісі деп талқыланған Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысының әкімі болып биыл 7 сәуірде тағайындалды. Бірде журналистерден қашты деп, кейін сағаты үшін дауға қалған шенеунік бұрын Шиелі ауданының әкімі, одан кейін Қызылорда қаласының әкімі қызметтерін атқарған еді. Ал облыс әкімі болғанына 8 ай.

gov.kz

Нұрлан Ноғаевқа да облыс әкімі қызметінің орны бөтен емес. Ол былтыр 7 қыркүйекте Маңғыстау облысының әкімі болып тағайындалды. Бірақ бұған дейін де шенеунік батыс өңірінің әр облысында әкім қызметін атқарған еді. Мәселен, 2012 жылғы 20 қаңтарда Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалса, 2016-2019 жылдары аралығында үш жыл бойы Атырау облысының әкімі болды. Одан кейін шенеунік Энергетика министрілігінде басшы болды. Ал Маңғыстау облысына басшы болғалы 3 ай.

 8 жыл отырғандар да бар

Жеңіс Қасымбек Қарағанды облысының әкімі 2019 жылғы 19 қыркүйекте тағайындалды. Бұған дейін шенеунік білдей министрліктерде басшы қызметін атқарған еді. Яғни көлік және коммуникация министрі, инвестициялар және даму министрі, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болған. Шенеунік дәл осы қызметте отырғанына 3 жыл болды.

Құмар Ақсақалов бұрыннан облыс әкімі. Шенеунік тек облыстарды өзгерткен. Ол 2017 жылғы 14 наурыздан 2022 жылғы 30 қарашаға дейін Солтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарған болатын. Бес жылдық қызметтен кейін 7 күннен бері Қостанай облысының әкімі болып отыр. Яғни Президент жарлығымен 1 желтоқсаннан бастап Қостанай облысына басшы болып барды. 

Ермек Маржықпаев 2019 жылғы наурызда Ақмола облысының әкiмi болып тағайындалған болатын. Ол әлі осы қызметінде. Биыл 3 жыл болады. Бұған дейін шенеунік 2015-2019 жылдары Көкшетау қаласының әкiмi болған.

aqmola.gov.kz

Даниал Ахметов ШҚО әкімі болып отырғанына 8 жыл болды. Мұнысы түсінікті де секілді. Өйткені шенеунік бұған дейін де тек лауазымды қызметтер атқарған. Ол 2014 жылғы 11 қарашада Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды. Ал бұған дейін елдің премьер-министрі, қорғаныс министрi, энергетика және инфрақұрылым министрі болған.

Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова