"Айбоз" ұлттық байқауынан дау шықты: жеңімпаз талапқа сай емес

"Айбоз" ұлттық байқауынан дау шықты: жеңімпаз талапқа сай емес
Фото: © ortcom.kz

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің "Айбоз" ұлттық байқауынан дау шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

6 желтоқсанда байқаудың алғашқы жеңімпаздарының тізімі жарияланған. Жеңімпаз атанғандар 5 миллион теңгеден ақшалай сыйлық алады.

  • "Үздік поэзия" номинациясы бойынша "Жұмбақ арал" поэмасы - Батырхан Сарсенхан;
  • "Үздік проза" номинациясы бойынша "Тырнақ" әңгімесі - Айгүл Кемелбаева;
  • "Үздік драматургия" номинациясы бойынша "Мың мен жалғыз..." пьесасы - Талғат Теменов;
  • "Үздік аударма" номинациясы бойынша Стефан Цвейгтің "Амок", "Бақилық ағаның көз жасы" новеллалары - Кенжебай Ахметов;
  • "Үздік балалар әдебиеті" номинациясы бойынша "Іздер құпиясы" детективтік романы - Бекен Ыбырайым;
  • "Үздік комикс" номинациясы бойынша "Жетпіс палуан" комиксі - Жантас Набиоллаұлы;
  • "Үздік кітап дизайны" номинациясы бойынша "Кенесары хан уа сұлтан Сыдық" - "AmalBooks" баспасы.

Марапаттау рәсімі 8 желтоқсанда Алматыдағы Жамбыл атындағы филармония залында сағат 16:00-де өтеді.

Алайда, байқауға қатысты бірқатар сұрақ пайда болған. Мысалы, аударма саласында 10 жылдан аса жұмыс істеп келе жатқан Баян Хасанова байқаудың ережесіне шүйлігіп отыр. 

"Ұйымдастырушылар ережеде тайға таңба басқандай етіп "авторлық құқық болуы міндетті" деп жазған. Мұның өзі Public domain шығармалар (авторы қайтыс болғасын 70 жылдан кейін оның шығармасы қоғамдық игілікке өтеді) қатыстырылмайды дегенді білдірмей ме? Әйтпесе, "Public domain шығармалар қабылданады немесе автор тірі болса авторлық құқық міндетті" деп жазу керек еді. Міне, осының салдарынан ағылшын тілінен тікелей аударатын Дәурен Берікқажыұлы, Дүйсенәлі Әлімақын тағы басқа қытай, корей тілінен тәржімалайтын қаншама аудармашы қатыса алмай қалды. Орыс тілінен Лермонтовты немесе Тургеневті аударсын. Орыста жазушы көп қой. Авторлық құқықты баспа арқылы автордың өзіне шығып аласың. Ол кәдімгідей жұмыс, шығын. Мәдениет министрлігі осы байқау жайлы айтқанда "тың шығармаларды тауып, аударып, халыққа ұсынғымыз келеді" деген", - дейді аудармашы.

Хасанованың айтуынша, ұйымдастырушылардың өзі байқау шартын сақтамай отыр.

"Екіншісі - аудармадағы тіл мәселесі. Яғни аударма түпнұсқа тілден тәржімалануы тиіс. Бірнеше тілден айналып кеп аудару дұрыс емес. Бір тілден екінші тілге аударғанның өзінде автордың айтар ойы сәл де болсын өзгереді, ал оны үшінші тілге аударғанда мағынасы мүлде өзгеріп кетеді. Кейінгі 2-3 жылда баспаларда "шығарма түпнұсқадан аударылуы шарт" деген ереже бар. Ұйымдастырушылардың өзі байқау заңдылығын сақтамай отыр. Авторлық құқық болуы міндетті деп алып, Public domain шығарманы қатыстырады. Байқау ережесінің өзі екіұшты жазылған. Егер олар қоғамдық игілікке өткен шығарма қатыстырылады десе жұрт авторлық құқықты ақшаға сатып алмайтын еді ғой. Өз қалтасынан құқық сатып алып, байқауға қатысқандар көп болуы мүмкін.

Комикс бағыты бойынша бір шығармаға беріп, кейін оны лайықсыз деп таныпты. Себебі, шығарма бұрын жарияланып қойған. Ұйымдастырушылар бұған дейін шорт-лист жасады. Үздік 7 шығарманы анықтап алды. Ал енді жеңіске жеткен шығарма байқау ережесіне сай келмей жатса, қалған алтауының кінәсі неде?" - дейді ол.

"Айбоз" байқауына "Үздік комикс" аталымы бойынша қатысқан жазушы Досхан Жылқыбай жеңімпаз болған комикс жарыс талабына сай келмейтінін айтады.

"Өзім қатысқан "Үздік комикс" номинациясы бойынша финалға өттік. Нәтижесінде Жантас Набиолла атты ағамызға жүлде бұйырыпты. "Жетпіс палуан" комиксімен. Бірақ, жеңген комикс осы жылдың тамыз айында жарық көріп, тіпті сатылымға шығып кеткен екен. 

Жалпы, комикс коллективті шығарма. Сценарист пен суретшінің жұмысы. Егер үлкен проект болса режиисер қосылады бұл топқа. Бірақ байқауға қатысқан комикстерде режиссер болды деп айта алмаймын. Яғни сценарист жазып, оны суретшіге салдырды. Ал суретшілердің ешбірі тегін салмайды ғой. Яғни автор барын салып, аламын деп шығындалды. Енді келіп біздің министрлік "ешкімге берілмейді. Басқа комикстер жеткілікті дауыс жинай алмады" деп отыр. Сонда шорт листке өткен басқа комикстерді сән үшін қойып отыр ма? Әлде қателігін көріп қойған авторларға қырсығып отыр ма? Осы істерімен олар өз қателіктерін мойындағысы келмейтін сияқты.

Мен екі түрлі ұсыныс айтамын:
1. Комикс номинациясы қайта қаралып, жеңімпаз тағайындалсын.
2. Бір жеңімпаз тағайындай алмаса, онда қалған еңбектерге бөлініп берілсін. Яғни шартқа сәйкес келмейтін бір жұмыс тізімнен шығарылды. 6 комикс, 5 автор қалып отыр соңында. (Азат Шәуеев атынан екі жұмыс ұсынылған). Сол 5 авторға жүлдені теңдей бөліп берсін. Екеуіне де авторлар келіседі. Өйткені олардың суретшіге кеткен шығыны бар. Басып шығаруға жетпесе де, сол суретшінің қаражатын жапқаны дұрыс қой.
Мен министрліктен осы ұсыныс бойынша, комикс номинациясына жүлде тағайындауды талап етемін!

Өз кезегінде Кітап палатасы өкілдері былай деп жауап қатты. 

"Алдымен "Үздік аударма" номинациясы айналасындағы сұрақтарға байланысты. Бірінші - жеңімпаз еңбегінің авторлық құқық иесімен келісімшарт жасалған-жасалмағаны турасында. Рас, байқаудың ережесі бойынша аудармашының авторлық құқық иесімен келісімшарты болуы керек. Бірақ бұл байқауға Стефан Цвейг шығармалары сияқты қоғамдық игілікке айналған (автор қайтыс болғаннан 70 жылдан кейін шығармалар қоғам игілігіне өтеді) туындылардың аудармасы қабылданбайды дегенді білдірмейді. Яғни, қоғамдық игілікке өткен шығарманың аудармасы байқауға қатысуына ешқандай қайшылық тудырмайды", - делінген палата жауабында.

Сондай-ақ, ұйымдастырушылардың айтуынша, конкурстың ережесінде туындының түпнұсқадан аударылуы қажет деген де шарт болмаған.

"Номинацияның атауы "Үздік әдеби аударма" болғандықтан, шығарма қай тілден аударылса да, қазақ әдебиетіне көркемдік құндылығы жоғары еңбек қосылса - басты олжа да, түпкі нәтиже де сол деп санаймыз. Мысалы, кезінде Абайдың өзі "Қараңғы түнде тау қалғып..." өлеңін Гетеден емес, Лермонтовтан аударған. Абайдан басталған қазақ аудармасы тарихындағы осы классикалық үлгі ұлт руханиятын молайтпаса, кемітпейтінін ескерген орынды", - дейді ұйымдастырушылар.

Оның үстіне, аудармашының мәлімдеуінше, шығарманы аудару барысында түпнұсқамен де, басқа тілдегі аудармалармен де қатар қойып, салыстыру арқылы жұмыс жасалған. Жұртшылықтың пікірін ескере отырып, қайта талқыға салған Қазылар алқасы да осы мәселені басты назарда ұстап, жеңімпаздың еңбегі байқау талаптарына сай келеді әрі жеңімпаз деп тануға болады деген тоқтамға келіпті.

"Енді "Үздік комикс" номинациясына келер болсақ, өтінімді қабылдағанда байқауға түскен жұмыстар біздің мекеменің, яғни, "Кітап палатасы" қоры арқылы тексерілді. Республика бойынша жарық көрген кітаптардың барлығы міндетті түрде Кітап палатасына тіркелуге тиіс. Аталмыш еңбек ол тізімде болмады. Алайда, автор тамыз айында аз таралыммен болса да жарыққа шығарған комикс жинағын 15 қыркүйек күні "Айбоз" ұлттық әдеби сыйлығының талаптарын ескерместен конкурсқа қатысуға өтінім берген екен. Көпшіліктің пікіріне сәйкес, аталмыш сұрақты қайта сарапқа салған қазылар алқасы үздік деп танылған шығарманы, байқау талаптарына сәйкес еместігін ескере отырып, жүлдеге лайық емес деп таныды", - делінген жауапта.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға түскен басқа еңбектер жүлдегерді айқындайтын шығармалардың шекті межесіндегі дауысқа ие бола алмауына байланысты, әділ қазылар алқасы биылғы "Айбоздың" "Үздік комикс" сыйлығы ешбір еңбекке берілмейді деген шешім қабылданған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Т. Раушанұлы