Алматыдағы әскери бөлімге Бауыржан Момышұлының есімі берілді

Алматыдағы әскери бөлімге Бауыржан Момышұлының есімі берілді

Алматының қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігін, яғни қаланың тыныштығын күзететін 5571 әскери бөліміне Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 22 қарашадағы №937 Қаулысымен Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының аты берілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Салтанатты ашылу рәсімі әскери бөлімнің құрылғанына 24 жыл толу күніне орайластырылған. 

Қазақ армиясының тарихында батыр Бауыржан Момышұлының рөлі ерекше. Өзінің өр мінезімен, қолбасшылық өнерімен, асқан парасаттылығымен және ұлтжандылығымен аты аңызға айналған тұлға. Оның талантты басшылығымен сарбаздар мен офицерлер қанды шайқастарда жауға ержүректілікпен төтеп берді.

Ұлы Отан соғысы - ол тактика мен стратегияны былай қойғанда, әскери техниканың, қару-жарақтың заманауи үздік үлгілерінің шайқасы болды. Командирлердің әдіс-айласын әскери техниканың мүмкіншіліктерімен үйлестіріп, үлкенді-кішілі атыс-шабыста азуына дейін қаруланған жауға тойтарыс беріп қана қоймай, ұрыс даласының басты тұлғасы қатардағы жауынгерді аман алып қалудың да амалын табу - қолбасшы Бауыржан Момышұлының негізгі қағидасы болды.

Соғыс жүріп жатқан кезде-ақ қазақ халқының даңқын шығарып, абыройын арттырып, ұлттың батырына айналған Бауыржан Момышұлы Мәскеу түбіндегі шешуші шайқаста қапияда ой тапқан, қараңғыда жол тапқан ерен ерлігі мен даңқы әлемге жайылып, аты аңызға айналған қолбасшы ретінде танылды.

1998 жылғы 4 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес құрылған 5571 әскери бөлімі осы уақытқа дейін қаланың қоғамдық тәртібін, түрлі қоғамдық-саяси, спорттық  шаралардың тыныштығын сақтау міндеттерін атқарып келген 5449 әскери бөлімінің заңды мұрагері еді.

Бұл шараға Алматы қаласының мәслихат депутаты Шухрат Шардинов, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова, генерал И.В. Панфиловтың немересі Алуа Байқадамова, актер Саят Исембаев, ардагерлер және басқа да қонақтар қатысты.

Салтанатты жағдайда қатысушылар Даңқты қолбасшыны құрметпен еске алып, оның өмірі мен ерліктері туралы қызықты фактілермен бөлісті. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде батырды үлгі етудің маңыздылығын атап өтті.

"Ата ел-жұртының, ұрпағының арасында жүр. Өзінің артындағы қалған елі, ұрпағы атын жаңғыртып, бүгін тағы да атаны тірілтіп жатыр. Ғалымдар "Сөнген жұлдыздың жарығы миллион жылға жетеді" деген екен. Атаның жұлдызы әлі де жарқырап тұр", – деді Зейнеп Ахметова.

Мерекелік жиында бөлім командиріне Үкіметтің гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының аты берілгені туралы Қаулыны табыстаған "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Нязтай Әлкешев:

"Бүгінгідей атаулы күнде 5571 әскери бөлімінің басшылығы мен жеке құрамының қызметіне зор табыстар тілеп, жүктелген міндеттерін атқаруда табанды болуға, әрқашан "Бауыржаншылдар" деген абыройлы атты жоғары ұстайтынына сенеміз", - деді.

Шара барысында бөлім командирі полковник Бақдәулет Оспанбеков жеке құрамды патриоттық рухта тәрбиелеуге, жауынгерлік қызмет міндеттерін шешуде өзара әрекеттестікті нығайтуға қосқан зор үлесі үшін Шухрат Шардиновқа "бөлімнің құрметті азаматы" және Зейнеп Ахметова мен Алуа Байқадамоваға "бөлімнің құрметті азаматшасы" марапатын табыстады. Қонақтар естелік ретінде бөлімнің құрметті қонақтарының кітабына жазба қалдырды.

Салтанатты рәсімнен соң іс-шараға жиналғандар Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің көркемөнерпаздары мен "Генерал" тобының концерттік бағдарламасын тамашалады.

Даңқты қолбасшының өмір жолы мен ерліктері әрқашан барлық әскери қызметшілерге үлгі болары анық. Батырдың есімі берілген бөлімнің жауынгерлері еліміздің тыныштығын кірпік қақпай күзетуге зор үлесін қосады деп үміттенемін. Сонымен қатар аты аңызға айналған қолбасшыны жадымызда мәңгі сақтауға және жауынгерлік дәстүрдің сабақтастығын жалғастыруға ықпал етері сөзсіз.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина