БҚО әкімі ауысты

БҚО әкімі ауысты

Нариман Төреғалиев Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

"Мемлекет басшысының Жарлығымен Нариман Төреғалиев Батыс Қазақстан облысының әкімі лауазымына тағайындалды", - делінген хабарламада.

Нариман Төреғалиев 1964 жылы дүниеге келген. Ол Жамбыл гидромелиоратив құрылыс институтын, Каспий қоғамдық университетін бітірген. Мамандығы - инженер-экономист, заңгер.

Ол 2017 жылдан бері Батыс Қазақстан облысынан сайланған Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты болған. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданының әкімі, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, Орал қаласының әкімі қызметтерін атқарған.

Президент Әкімшілігінің Басшысы Мұрат Нұртілеу Орал қаласына жұмыс сапарымен барып, облыстың барлық деңгейдегі мәслихаттарының жиынына қатысып, жаңа әкімді таныстырды. Алдымен Батыс Қазақстан облысының әкімі лауазымына Бауыржан Айтмағамбетов пен Нариман Төреғалиевтің кандидатураларын ұсыну туралы Мемлекет басшысының хаты оқылды.

Ашық дауыс беру нәтижесінде мәслихаттардың 37 депутаты Бауыржан Айтмағамбетовке, 123 депутаты Нариман Төреғалиевке дауыс берді. Дауыс беру нәтижесі бойынша Президенттің Жарлығымен Нариман Төреғалиев Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды.

Президент Әкімшілігінің Басшысы облыстың жаңа әкімін таныстыра келе Нариман Төреғалиев жауапты қызметтерде мол тәжірибе жинаған маман екенін атап өтті. Облыс әкімінің алдына өңір экономикасын дамыту, тозығы жеткен инженерлік желілерді жаңарту, көлік жолдарын қалпына келтіру, экология проблемаларын шешу міндеттері қойылды.

Мұрат Нұртілеу биыл қоғамдық маңызды шаралар көп болғанын, соның бәріне атсалысып жүрген облыс халқына Президенттің алғысын жеткізіп, өзінің ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Әділетті Қазақстан құру жолында еңбек етіп, облыс тұрғындарының игілігі үшін Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді абыроймен орындау керек екенін айтты.

Сонымен қатар, өңірді бұған дейін басқарған Ғали Есқалиевтің атқарған қызметіне Мемлекет басшысының алғысын жеткізді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова