Тұңғыш президент күнін тойлауға бюджеттен қанша қаржы жұмсалып келген?

Тұңғыш президент күнін тойлауға бюджеттен қанша қаржы жұмсалып келген?
Фото: elements.envato.com

Кейінгі бірнеше жылда Мемлекеттік сатып алу порталында Елбасын ұлықтауға арналған шараларға қанша қаржы бөлінгенін көруге болады. Порталда Тұңғыш президент күнін тойлауға арналған мерекелік іс-шаралар ғана емес, сонымен қатар, спорт жарыстары, пікір-сайыс пен Нұрсұлтан Әбішұлының жүріп өткен жолын саралайтын экспедияцияға да арнайы бюджет бөлінген. Massaget.kz тілшісі Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметтерден Елбасын ұлықтауға қанша қаржы кеткенін есептеп көрді. 

Порталда "Тұңғыш Президент", "Елбасы", "Тұңғыш президент күні", "Нұрсұлтан Назарбаев" деп іздеп көрсек, көп хабарландыру шықпайды. 2016 жылдан бері бар болғаны 193 жазба жарияланған. 

Тағы бір қызығы, аудан, қала бойынша түрлі мерекелерді безендіруге бірден бірнеше шараны қосып, қаржы бөлінген. Бірақ оның қайсы нақты "Тұңғыш президент күніне" арналғанын есептеу мүмкін болмады. 

2016 жыл

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1991 жылы 1 желтоқсанда жалғыз өзі сайлауға түсіп, Кеңес Одағынан бөлініп шыққан Қазақстанның Президенті болды. Ал 2016 жылы оның елді басқарғанына 25 жыл толды. Порталда Тұңғыш Президентті ұлықтауға арналған түрлі шара ұйымдастыруға арнайы лоттар бөлінген. Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәлімет бойынша, 2016 жылы жалпы 6 869 413 теңгеден аса қаржы жұмсалған. 

2017 жылы 

Бір жылдан кейін порталда "1 желтоқсан - Тұңғыш Президент күніне" орай түрлі спорт шарасын ұйымдастыру қолға алынғаны байқалады. Бір спорт шарасын ұйымдастыру үшін 1 миллион 700 мың теңгеден аса қаржы бөлінген. Ал жалпы есептеу бойынша, сол жылы 9 864 005 теңгеден аса шығын кеткен. 

2018 жылы 

Бұл жылы мемлекет тарапынан "Тұңғыш Президент күніне" орай спорт шараларын ұйымдастыруға қаржы көп бөлінген. Былтыр 1 миллионнан аса қаржы бөлінсе, 2018 жылы оның құны 4 есе өсті. 

Айта кетейік, бұл жылы "Әлем таныған Елбасы" экспедициясы басталған. Оған 26 миллион 700 мың теңге бөлінген. Жалпы бұл жылы шараларға мемлекет бюджетінен 36 206 032 теңге жұмсалған. 

Мемлекеттік сатып алу порталында Елбасын ұлықтау мақсатында оның портретін салу, Тұңғыш Президент күніне арналған флешмоб ұйымдастыру, электрон кітап шығару жобалары іске асырылған. 

 2019 жыл

2019 жыл қазақстандықтар үшін маңызды жыл саналады. Тарихымызда алғаш рет  бір президент 28 жыл елді басқарғаннан кейін жаңа Мемлекет басшысы тағайындалды. 

Бұл жылы "Тұңғыш Президент күніне" арналған түрлі фестиваль өткізілген. 

2019 жылы шараларға жалпы 12 906 946 теңге жұмсалған. Оның ішінде пікір-сайыс ұйымдастыру үшін 2 миллион 800 мың теңге, спорт шараларына 3 миллион теңге жұмсалған. 

 

2020 жыл

Бұл жылы "Тұңғыш Президент жолымен" экспедициясына 18 миллион 750 мың теңге бөлінген. 

Бұдан басқа түрлі ауданда "Менің Елбасым" атты патриоттық әндер байқауы өткізілген. Жалпы 2020 жылы "1 желтоқсан - Тұңғыш Президент күніне" арналған шаралар үшін 41 512 189 теңге шығын кеткен. 

2021 жыл

2021 жылы да Нұрсұлтан Әбішұлын ұлықтау үшін бірнеше миллион ақша жұмсалған. Бұл жылы "Тұңғыш Президент жолымен" жобасы іске асырылған. Жалпы шығын - 9 миллион 937 мың теңге. 

 

2022 жыл

Биыл Конституцияға өзгерістер енгізіліп, Парламентке Елбасына қатысты жеке заңды алып тастау туралы норма ұсынылды. Қыркүйекте Мәжіліс отырысында 1 желтоқсан - Тұңғыш Президент күнін мерекелеуді Мемлекеттік рәміздер күні, Алғыс айту күні және қоғамдық маңызы жоғары әлеуеті бар өзге де күндер сияқты, оны мемлекеттік мерекелер қатарынан алып тастау арқылы айқындау ұсынылып, кейін бұл құжат қабылданды. 

Биылдан бастап Тұңғыш Президент күні демалыс болмайды. Ол мемлекеттік мерекелер қатарынан алып тасталды. 

Мемлекеттік сатып алу порталында биыл Тұңғыш Президент күнін тойлауға күнтізбе үшін тапсырыс жасалған. Оның құны - 60 мың теңге. Ал жалпы шығын - 267 855 теңге.

Осылайша, Мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған лоттар арасында 2016-2022 жылдар аралығында Тұңғыш Президент күнін тойлау үшін жалпы  117 563 440 теңге жұмсалғанын есептедік. 

Айта кетейік, бұл есептеу нақты емес, кей лоттар қарастырылмаған болуы мүмкін. 

Еске салайық, 2011 жылғы 10 желтоқсанда ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының бастамасымен "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" ҚР Заңына толықтыру енгізу туралы" Заң қабылданған еді. Онда 1 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті күні болып белгілегенді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек