2 себеп: жалақы қандай жағдайда азайтылуы мүмкін?

2 себеп: жалақы қандай жағдайда азайтылуы мүмкін?
Фото: © pixabay.com

Қаржыға байланысты қиындықтар туған жағдайда басшылық компанияны одан әрі сақтап қалу немесе шығынды азайту мақсатында қызметкердің жалақысын азайтып, кейде тіпті қысқартуға ұшыратып жатады. Жұмыс берушінің бұл әрекеті қаншалық заңды саналады? Жұмыс беруші қандай жағдайларда жалақыны азайта алады? Еңбек кодексінде ол туралы көрсетілген бе? Бұл сұрақтарға адвокат Тілеужан Жұмабекұлы жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бірінші жағдай

Адвокат жұмыс беруші мен жұмысшы арасында міндетті түрде еңбек шарты жасалатынын айтады. Еңбек кодексінің 103-бабында ("Жалақының мөлшері") жұмыс беруші мен жұмысшы арасында жасалған еңбек шартында немесе ұжымдық шартта жалақы көрсетілуі тиіс екені айтылады.

"Еңбек шарты әдетте 1 жылға жасалады. Бірақ жұмыс беруші ешқандай жағдайда бір тарап бойынша, яғни өз бетінше жалақыны азайту немесе өсіру туралы шешім қабылдай алмайды. Ол заң бұзу болып саналады. Жұмыс беруші жалақыны азайтқысы келсе, заң бойынша бірінші кезекте жұмыскерге ескертеді. Кей кезде жұмыскер мекемеге немесе мекеме мүлкіне қандай да бір залал келтіруі мүмкін. Яғни мекемеге қарыз болып қалса, басшылық айлықты азайту жайлы бұйрық беруге құқылы. Ол бұйрықпен де жұмыс берушіні таныстыруы керек. Ал кейбір мекемелер дағдарысқа ұшырап, айлық төлеуге жағдайы болмаса, жұмыскерлерінің санын қысқартып немесе жалақысын азайтуды ұсынады", - дейді адвокат.

Айтуынша, тіпті жұмыс сағаттарын азайтуы мүмкін.

"Еңбек кодексінің 106-бабында ("Еңбекке сағат бойынша ақы төлеу") жұмыс күні толық болмаған немесе жүктемесі толық болмаған кезде нақты орындалған жұмыстар үшін ғана еңбекақы төленетіні айтылады. Кодекстің 33-бабында да ("Еңбек шартын жасасу, өзгерту және толықтыру тәртібі") мұның барлығы көрсетілген", - дейді  Тілеужан Жұмабекұлы.

Екінші жағдай

Ал екінші жағдайда, маманның айтуынша, қызметкер отбасылық немесе жеке жағдайларға байланысты басшылықтан ақша алған болса, жұмыс берушінің белгілі бір мерзімге жалақыны азайтуға құқығы бар.

"Басшылық дайындайтын ескерту міндетті түрде жазбаша болады. Жұмысшыға 5 күн уақыт беріледі. 5 күн өткен соң жұмыскер өз шешімін айтуы тиіс - сол жалақыға келіседі немесе жұмыстан өз еркімен шығады. Жұмыскер келіскен жағдайда заң бойынша еңбек шартына өзгерістер енгізіледі. Шартта нақты сома көрсетілуі керек", - дейді адвокат.

Заңгер қандай жағдай болсын, басшылық міндетті түрде бәрін түсіндіріп, қызметкерге ескертуі қажет екенін айтты.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова