Айдарбек Сапаров СҚО әкімі болып тағайындалды

Айдарбек Сапаров Солтүстік Қазақстан облысының әкімі лауазымына тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Мемлекет басшысының Жарлығымен Айдарбек Сейпілұлы Сапаров Солтүстік Қазақстан облысының әкімі лауазымына тағайындалды", - делінген хабарламада.

Айта кетейік, Айдарбек Сапаров 1966 жылы 12 маусымда Солтүстік Қазақстан облысы Булаев ауданы Красное ауылында туған. Омбы ауыл шаруашылығы институты зоотехника факультетін (1992) зооинженер мамандығы бойынша; М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің мемлекеттік және жергілікті басқару факультетін (2006) "Мемлекеттік басқару" мамандығы бойынша бітірген. Қазақ және орыс тілдерін біледі.

1983 жылдан - Солтүстік Қазақстан бухгалтерлер мектебінің оқушысы (Петропавл қаласы).

1984 жылдың тамызынан - Калинин атындағы кеңшардың есепшісі (Солтүстік Қазақстан облысы Булаев ауданы Надежка ауылы).

1984 жылдың қазанынан - Кеңес Әскерінің қатарында қызметте. 1987 жылдан - Омбы ауыл шаруашылығы институтының студенті.

1992 жылдан - Калинин атындағы ҚС таратушы зоотехнигі, коммерциялық директоры (Солтүстік Қазақстан облысы Булаев ауданы Надежка ауылы). 1995 жылдан - "Ноғайбай" ЖШС директоры, бас директоры (Петропавл қаласы).

2003 жылдан - "Азық-түлік корпорациясы" АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық өкілдігі директорының орынбасары, 2005 жылдан - бірінші орынбасары (Петропавл қаласы). 2006 жылдың наурызынан - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша облыстық аймақтық басқармасының бастығы, 2006 жылдың қыркүйегінен - облыстық аймақтық инспекциясының бастығы (Петропавл қаласы). 2006 жылдың қарашасынан - Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданының әкімі.

2008 жылдан - Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев атындағы ауданының әкімі.

2010 жылдың сәуірінен бері - Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары. 

Еске салайық, бұған дейін СҚО әкімі Құмар Ақсақалов болған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!