Бейбіт Исабаев Жетісу облысының әкімі болып қайта тағайындалды

Бейбіт Исабаев Жетісу облысының әкімі болып қайта тағайындалды

Бейбіт Исабаев Жетісу облысының әкімі қызметіне қайта тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Бейбіт Өксікбайұлы Исабаев Жетісу облысының әкімі лауазымына тағайындалсын", - делінген хабарламада.

Бейбіт Исабаев 1962 жылы Алматы облысында туған. Ол 1985-1994 жылдары әртүрлі БАҚ-та жұмыс істеген. 1994-1997 жылдары Алматы қаласы әкімшілігінде басшылық қызметтер атқарып, қала әкімінің орынбасары болған. 1997-2000 жылдары Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық академиясының тыңдаушысы, Сыртқы істер министрлігі әкімшілік департаментінің директоры болса, 2000-2002 жылдары Премьер-министр кеңсесінің үкіметтік ақпарат бөлімінің меңгерушісі лауазымын атқарған.

Ал 2002-2003 жылдары сыртқы істер министрінің кеңесшісі, Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, Қазақстан Республикасының "Орталық Азия ынтымақтастығы" ұйымы мәселелері жөніндегі ұлттық үйлестірушісі болған.

2003-2008 жылдары Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және өкілетті елші, Түркия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елші, Албания Республикасындағы Төтенше және өкілетті елші қызметін қоса атқарушы болды.

2008-2009 жылдары мәдениет және ақпарат вице-министрі, Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы қызметтерін атқарған.

2009-2019 жылдары Қырғыз, Әзербайжан республикаларындағы Төтенше және өкілетті елші болған. 2019-2022 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің Парламенттегі өкілдігінің басшысы, Парламент Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы болды.

Айта кетейік, шенеунік биыл 11 маусымда өңір әкімі болып тағайындалған еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова