"Араққа ақша жинап берейін, сахнаға шығарыңызшы деп жалынатынмын"

Қазаққа Ақылбай ата кейіпкері арқылы танымал Бекжан Тұрыс өнерге алғаш қадамын қалай басқаны туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ол "Жақсы адамдарым" бағдарламасында айтып берді. Бекжан Тұрыс ауыл сахнасы неден басталғанын, не ықпал еткенін айтты. 

"Мен ал деген аталардың қолына су құйып, шалдардың шекпеніне жабысып өскен баламын. Өнерге қатты қызығып келдім. Сахнаға ғашық адаммын, керемет жақсы көремін. Себебі біздің әр ұлы адамымыз - бір-бір театр. Біздің кезде үшке оқитын баланы сахнаға шығармайтын. Сол кезде Көркем өнерпаздар ұйымының басшысына "араққа ақша жинап берейін, сахнаға шығарыңызшы" деп жалынатынмын. Кәмшат Дөненбаева - менің жеңгем, ол бір ауданда Халық театрында істейтін, сонда әкем "мына баланы өнерге баулы, жаны сұлу, таза болып өседі" деген. Сол жеңгем кішкентайымнан өнерге баулыды. Мал бағып жүргенде де өзіме сұхбат беріп жүретінмін", - дейді өнер иесі. 

Актер театрға келгендегі алғашқы ролі туралы айтты. 

"Театрға мені Әзірбайжан Мәмбетов алдырған. Ал оған ұстазым, өнердегі анам Шолпан Жандарбекова да септігін тигізді. 3-курс оқып жүргенде театрға алып келді, содан бері театрдамын. Әрине, келе сала басты роль бермейді. Алдымен бір-екі сөз сөйлейтін роль беретін. Солай алғашқыда эпизодтарда ойнайтынбыз", - дейді актер. 

Айта кетейік, Бекжан Тұрыс - актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Дарын мемлекеттік сыйлығының лауреат, Бауыржан Момышұлы атындағы "Намыс" орденінің иегері. Ол Қазақ академиялық драма театрында 50-ден аса рольде ойнаған. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!