"Әйелі үшін". Даулы видеолардан кейін кешірім сұраған шенеуніктер

"Әйелі үшін". Даулы видеолардан кейін кешірім сұраған шенеуніктер

Өмірде түрлі жағдай болып жатады. Халық алдында жүрген шенеуніктердің айтқан әрбір сөзі қоғамда қызу талқыға түседі. Оның ішінде, аңдамай сөйлеп, артынша кешірім сұрап жататындары да бар. Өзі емес, өзгенің әрекеті үшін кешірім сұрайтындары да жоқ емес. Даулы мәлімдеме жасап, артынша кешірім сұраған шенеуніктер кім? Massaget.kz тілшісі шолу жасады.  

Тікелей эфирде түкірген депутат

28 қарашада кешкі эфир барысында депутат Екібастұздан тікелей эфирге шыққан. Журналиспен тікелей эфир кезінде сөйлесіп жатып Саиров жерге түкіріп жіберген. Көрермендер бұл сәтті бірден байқап, видеоны кесіп алып, әлеуметтік желіде таратып жіберген. 

Ерлан Саиров халықтан кешірім сұрауға да, айыппұл төлеуге де дайын екенін айтқан болатын. Осы мәселе бойынша депутат түсінік берді.

"Біріншіден, қауымнан, егер қолайсыз жағдайға қалдырсам, кешірім сұраймын. Екіншіден, кеше кешке Екібастұзда өте аяз болды, далада тұрғандықтан осындай жағдай болды. Далада төрт-бес сағат жүрдік, ТЭЦ-қа бардық, сол кезде тамағым құрғап кеткен болуы керек. Біз қоғам алдында әр- бір қадамымыз үшін жауап беріп, азаматтарға жүріс-тұрысымызды түсіндіріп отыруымыз қажет деп есептеймін. Тағы да қолайсыздық үшін кешірім сұраймын! Мен ел алдында әрқашан ашық болуға тырысамын", - деп жазды депутат парақшасында. 

Артынша депутатқа 5 АЕК (15 315 теңге) көлемінде айыппұл салынды. 

"Басымды қатырмаңдар"

2020 жылы тамызда Алматы облысының Бас санитар дәрігері Ерғали Сыдыманов өзінің алғашқы жұмыс күні Талдықорғандағы жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, олармен дөрекі сөйлескен болатын. Шенеуніктің бұл әрекетін желі қолданушылары жақтырмаған болатын. 

Сол кездегі денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Сыдымановқа қатысты тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрыққа қол қойды. 

"Жаңа Қазақстан *** құрылады"

Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Сейіт Ермаханов әлеуметтік желідегі былапыт пікірі үшін кешірім сұраған болатын. 

Ол Facebook-те Арман Қайырбекұлы деген қолданушыға жауап беріп, "сен сияқты бейшаралар тұрғанда жаңа Қазақстан *** құрылады" деген болатын. 

Артынша шенеунік парақшасында кешірім сұрады. 

Әйелі үшін кешірім сұрады

Былтыр тамызда "Қазақстанның электр энергиясы мен электр нарығы операторы" АҚ басқарма төрағасы Бақытжан Ілияс карантин талаптарын бұзған әйелі үшін кешірім сұрады.

Карантин кезінде тексеру барысында белгілі блогер Әлия Исенова мен энергетика министрлігінің жоғары лауазымды мүшесі Бақытжан Ілиястың әйелі Мадина Сейтбаталованың түнде ойын-сауық мекемелерінде жүргені анықталды. Олар жасырынуға да тырыспаған.

КТК телеарнасының кадры

Олар әлеуметтік желілерге тікелей эфир арқылы шықты. Осы кадрлар бойынша полиция заңсыз жұмыс істеген мекемені тапқан болатын. Бар иесі қомақты айыппұл төлеуге мәжбүр болды. Ал шенеунік карантин кезінде қыдырып жүрген әйелі үшін көпшілік алдында кешірім сұраған еді.

"Махаббатизм" үшін кешірім сұрады

Мұнайлы аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы міндетін атқарған Бақтияр Қуанышбековтің қызметкерлерімен сөйлесіп отырған видеосы Желіде резонанс тудырған болатын. 

Ол видеода "махаббатизм" пайда болуы үшін әйел басшыларға духи сыйға тарту керегін айтқан еді. 

"Мен басқармалардың басшыларынан кешірім сұраймын, өйткені арамызда сыйлықтар ұсыну туралы ешқандай келісім болған жоқ. Сонымен қатар облыс әкімінен кешірім сұраймын", - деді бұрынғы шенеунік. 

Даниал Ахметов қарамағындағы шенеунік үшін кешірім сұрады

2018 жылы мас күйде адам қағып өлтірген Риддер қаласы әкімінің орынбасары үшін Даниал Ахметов кешірім сұраған болатын. BMW Х5 көлігін тізгіндеген Риддер қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Бауыржан Құрманбаев жүргіншіні қағып кеткен болатын.

19 жастағы жігіт жедел жәрдем келгенше қайтыс болып кетті. Тексеру барысында әкімнің орынбасары мас болғаны анықталған. 

Даниал Ахметов. Фото: Tengrinews.kz

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина