"Жеке шкафтар, трансформер-парталар мен заманауи интерьер". Аймағамбетов жаңа жобаның артықшылығын айтты

Үкіметте "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы талқыланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл жоба мектептердегі орын тапшылығын болдырмауға, апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге бағытталып отыр. Жайлы мектептердің айырмашылығы - олар бірыңғай стандарттар бойынша жобаланады. Яғни пәндік кабинеттер компьютерлік сыныптар, зертханалар мен шеберханалар - бәрі бірыңғай стандарттар негізінде жабдықталады.

"Мектептер заманауи интерьер бойынша жобаланады. Бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар қарастырылған. Әр блоктың өз асханасы мен спортзалы болады. Мектеп ішінде оқулықтар мен жеке заттарды сақтауға арналған жеке шкафтар орнатылады. Осылайша, оқушылардың ауыр сөмкелерін біршама жеңілдетуге мүмкіндік туады. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін трансформер-парталар мен "ауызсу фонтандары" қойылады. Әр қабатта оқушыларға арналған тынығу алаңдары болады", - деді оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов. 

Министрдің сөзінше, 2023-2025 жылдары елімізде 401 жайлы мектеп салу жоспарланып отыр. Жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 2,6 триллион теңге бөлінеді.

"Өңір әкімдері жыл соңына дейін жер учаскелерін бөліп, инженерлік коммуникацияларды жүргізу мәселесін мұқият ойластыруы қажет. Жобаны іске асыру балалардың жақсы білім алуы үшін қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді", - деді Премьер-министр Әлихан Смайылов.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!