"Точно жігіт табасыз". Журналистер жігітті қаратып алу үшін тәуіпке жүгінетін қыздар туралы сюжет жасады

"Точно жігіт табасыз". Журналистер жігітті қаратып алу үшін тәуіпке жүгінетін қыздар туралы сюжет жасады
Фото: elements.envato.com

Қазір бойжеткендер жігітті өзіне қарату үшін қара магияға жүгінеді. Бақсы-балгерлердің сұрағанын беріп, сүйгенін уыста ұстағанды жөн көреді. Арасында көріпкел жағалап жүріп, өзгенің айрандай ұйыған отбасын ойран ететіндер де көп. "Астана" телеарнасының тілшісі тәуіптермен сөйлесіп, олардың қаншаға бал ашатынын сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Телеарна тілшісі тәуіпке хабарласып, "тез арада жігітімді қайтарып беріңіз" деп талап қойған. Білгіш балгер сүйгеніңді қайтарғың келсе, 10 мың теңге сал деген екен. Нәтиже бір апта мен бір айдың ішінде болады деп уәде берген. 

Тілші тағы бір тәуіпке хабарласқан. Ол күйеуге шыққысы келетінін айтып еді, тәуіп "айтқанымды орындасаң бір айдың ішінде ақ келін атанасың" деген екен.  

Психотерапевт Лаура Жексембаева адамдар көріпкелдің алдына өмірден соққы алып, өзегі талғанда, байлығынан айырылып, бақытын жоғалтқанда көп баратынын айтты. Осылайша, олар басына түскен проблемаларды жеңілдетеді.

"Адам тіректі сырттан іздей бастайды. Яғни, қандай да бір бақсы оған "мен сенің мәселеңді шешіп беремін, көмектесемін" деп үміт сыйлайтын болса ол адам тез манипуляцияға ұшырап, оның айтқанының барлығын істеуге көнеді", - дейді психотерапевт. 

Ал дін өкілдері ашылмай жүрген бағыңызды "ашып", болашақ жарыңызды "тауып", ауырған басыңызды "жазып", сүйгеніңізді құрыққа түсіремін дегендерден аулақ болуға шақырады. Себебі сиқыр жасау адамның өзі үшін өте қауіпті екенін айтады.

"Сиқырлау бар екендігі жайлы осы "Фәлақ" сүресінде де айтылған. Алла тағаладан, "Алла, түйіндерге түйін жасап, адамдарға бір сиқыр жасайтындардың сиқырынан мені сақтай гөр" деген мағына. Сондықтан осы "Фәлақ" сүресін және "Нас" сүресін оқып, сиқырлардан арылуға болады", - дейді "Әзірет Сұлтан" мешітінің наиб имамы Әділхан Серікбай. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина