Қазақстанда полицейлер саны қысқарып жатыр. Министрлік мән-жайын айтты

Қазақстанда полицейлер саны қысқарып жатыр. Министрлік мән-жайын айтты

Қазақстанда 100 мың тұрғынға шаққанда полицейлер саны 471-ден 372-ге дейін азайды. Бұл туралы ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қожаевтың сөзінше, ішкі істер құрылымы оңтайландырылған, қызметкерлер саны қысқартылған.

"Артық басқару буындары мен басшылық лауазымдар жойылды. Нәтижесінде 100 мың тұрғынға шаққанда полицейлер саны 471-ден 372-ге дейін азайды. Полиция қызметін бағалау жүйесі қайта қаралды. Азаматтардың қауіпсіздігі мен халықтың сенім деңгейі негізгі критерий ретінде айқындалды. Осы бағытта тәуелсіз институттар әлеуметтану зерттеулерін жүргізеді. "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы іске асырылуда. Халықпен, өңірлердің, аудандардың тұрғындарымен есептік кездесулер өткізіледі. Азаматтарды қабылдау жүзеге асырылады. Барлық жұмыстар халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыруға, заңдылық пен әділеттілік қағидатын қамтамасыз етуге бағытталған", - деді министрдің орынбасары. 

Сондай-ақ, Марат Қожаев министрлікті қайта құрудың мақсаты - бюрократиялықтан адамға бағытталған жұмыс моделіне көшу екенін атап өтті. Оның айтуынша, полиция қызметін бюрократиядан арылту бойынша шаралар қабылданып жатыр, қызметкерлерге артық жүктеме тудыратын өзекті емес нормалар жойылады, сондай-ақ жұмыс процестерін автоматтандыру және цифрландыру, полицияға тән емес және қайталанатын функцияларды алып тастау жүзеге асырылады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина