Биыл Қазақстанда қанша қоғамдық көлік жол апатына ұшыраған?

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті автобустардың қатысуымен орын алған жол көлік оқиғалары мәселесіне қатысты Massaget.kz порталының сұрағына жауап берді.

"Статистикалық есептерге сәйкес, 2022 жылдың 10 айы бойынша елімізде адамдардың жарақаттануына немесе қаза болуына әкеп соққан жол-көлік оқиғалар саны - 11 861 (10 912 - былтыр). Бұл өткен жылмен салыстырғанда 949-ға немесе 8,7 пайызға көп", - деді ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төраға орынбасары Руслан Әлкенев.

Төраға орынбасарының айтуынша, аталған жол көлік оқиғаларының 519 жағдайында автобустар апатқа ұшырап, салдарынан 671 адам зардап шекті. Олардың 635-і жарақат алып, 36 азамат қаза болған.

Айта кетейік, жыл сайын елімізде автобус апаттарынан көптеген адам зардап шегеді. 8 қарашада Алматыда екі автобус соғысып салдарынан 1 адам қаза тапты. 17 адам ауруханаға жеткізілген.