Сарқанда бес жасар қызды өлтірді деген күдіктілердің соты басталды

Жетісу облысында биыл мамырда қоқыстан денесі табылған 5 жасар қыздың өліміне қатысты сот басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Айта кетейік, 17 мамырда Сарқан қаласының маңайындағы қоқыстан қыз баланың денесі табылған еді. Полицейлер араға аз уақыт салып сәбидің 19-ға енді толған анасын табады. Әйел өз түсініктемесінде қызы туғаннан церебральді сал ауруымен ауырғанын және ақыл-есінде ауытқу болғанын көрсеткен.

Кеше осы қызды өлтірді деген күдікке ілініп, тергеуде отырған анасы Ақниет пен оның ағасы Ақтілектің соты басталды. Бастапқыда кінәларын мойындаған күдікті қазір сөздерінен тайған.

Бес жасар қыздың анасы он төрт жасында баланы туғанын, бала аурушаң болғанын айтқан.

"Туған нағашы ағам зорлаған. Сондықтан он төрт жасымда сал ауруына шалдыққан бала тудым. Баланың шетінегенін айтқанбыз. Тергеушілер түнде адвокатамыз жоқ кезінде келіп, қысыммен "баланы өлтірдік" деген жауап алып кетті", - дейді қазір үшінші баласына аяғы ауыр Ақниет.

Ал оның сыбайласы, яғни баланың мәйітін қоқысқа тастаған ағасы Ақтілек болса қорыққандықтан, ешкімге айта алмағанын айтқан.

"Тергеу жүріп жатқандықтан бұл іске қатысты нақты мәлімет бере алмаймыз. Күдікті алдымен адам өлтіргенін мойындап, кейін оны жоққа шығарды. Қазір тек алғашқы сот отырысы аяқталды. Қорытынды жасауға әлі ерте", - деді соттың баспасөз қызметі.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!