Жиі киім сатып алуға құмарлық - ауру ма? Стилиспен сұхбат

Жиі киім сатып алуға құмарлық - ауру ма? Стилиспен сұхбат
Фото: instagram.com/bul_bulbull

Қазақ қоғамында стиль ұғымы өз орнын таба білді ме? Шопинг жиі жасауды ауру деп айта аламыз ба? Стилист Бұлбұл Қалқанбаева Zhuldyz FM-де қонақта болып, Massaget.kz тілшісінің осы және өзге де сұрақтарына жауап берді. 

"Стиль - қазақ қоғамына кешеуілдеп жеткен үрдіс"

Бұлбұл Қалқанбаеваның айтуынша, қазақ қоғамына стильден бұрын психология ұғымы келген.

"Психология аздаған зерттелгеннен кейін стиль келе бастады. Стильдің кешеуілдеп келгені де жақсы болған секілді. Әр адам өзін жақсы көре бастағанын айтуға болады. Кеңес үкіметі заманында "сұлуынан жылуы, киімің таза болсын" деген түсінік болды. Яғни талап солай болды. Ал бүгінгі талап - ішкі дүниең мен сыртқы дүниең сай болуы керек деп ойлаймын", - дейді сәнгер. 

Стилист Бұлбұл Қалқанбаева. Фото: instagram.com/bul_bulbull

Қара, сұр түсті киімге не үйірміз?

Маманның сөзінше, адамдардың ашық түсті киімдерді көп кие бермеуіне менталитет пен қоғам әсер етуі мүмкін.  

"Ол психологиялық ерекшелік те болуы мүмкін. Бірақ бүгінгі жастарда ашық түсті, қанық түсті киімдерді кию үрдісі байқалады. Ал түрлі тарихи кезеңді бастан өткерген жастар ерекшеленуді қаламады. Керісінше, қызға қырық үйден тию, көп күлмеу керек, елдің алдында жарқырап кетпеу керек деген секілді шектеулер болды. Яғни ерекшелуден қорқу болды. Уақыт өткен сайын жарқын түсіті киімдерді кие алатын, ерекшелене алатын адамдар көбейіп келеді", - дейді стилист. 

Бұлбұл Қалқанбаева

Шопинг жиі жасау аурудың бір түрі деп айта аламыз ба?

Шопингті жылына бір рет және ай сайын жасайтын адамдар болады. Бұлбұл Қалқанбаеваның сөзінше, ол адамның ішкі күйіне байланысты. 

"Әр адамның ішкі күйі көп нәрсені шешеді. Мысалы біреу әдемі көйлек алу арқылы, енді бірі тауға шығу арқылы, ал басқасы жай моншаға барып ішкі күйін реттеп алады. Сондықтан шопингті ұнатпайтын адам оны жиі жасайтын адам ауру деп айтуы мүмкін. Басқа біреу үшін қалыпты жағдай. Мынау дұрыс не бұрыс деп айта алмаймын. Алайда расында оңды-солды, өзіне үйлеспейтін, киімді толтырып алатын, бірақ оны ешкімге бермейтіндердің психологиялық күй туралы ойлануға болатын шығар", - деп түсіндірді маман. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина