"Еркенің қарамағында болған". Айқын Төлепберген A.Z-мен қалай танысқанын айтты

Танымал әнші Айқын Төлепберген "Жұлдыз FM" қонағы болып, Көктөбедегі телемұнара мәселесі, неге сайлауға барып дауыс бермегені және жақында шыққан A.Z-мен әнін қалай жазғаны туралы сұхбат берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әнші Көктөбедегі телемұнараның жобасына тоқталып, Алматы әкімдігіне жарықтың болмауына қатысты үндеу жолдаған еді. Оның айтуынша, бес ай өтсе де, әкімдік бұл туралы пікір білдірмеген.

"Жоқ, ешқандай жауап келмеді. Ешкім жазған да жоқ, пікір де білдірген жоқ. Менің ойымша, Көктөбе - қала символы ғой, оған да Медеу сияқты дұрыс көңіл бөлінуі керек. Медеуден қай жері кем? Мәселен, Медеудің жан-жағында да жарық жанып тұрады. Ал Көктөбеге қарасаң, жарық та, ештеңе де жоқ. Ол қалаға келгенде "Эйфель мұнарасы" сияқты көрініп тұруы керек қой. Оның ішіндегі бизнеске ыңғайлы, ақша әкелетін жерлерге ғана көңіл бөлінген. Мен Көктөбеге барғанда, бір-екі рет суретке түсейінші деп ниеттеніп едім. Бәрі тек "Колесо обозрение" қасында түседі, себебі басқа жерде түк көрінбейді", - дейді өнер иесі.

Бұған дейін Айқын Төлепберген Желіде қызу талқыланған Алина Шакиеваның "Ұйқым келмейді" атты әніне қатысты пікір білдіріп, оны сынаған еді. Бірақ кейін әнші Алина Шакиевадан кешірім сұрағанын айтты.

"Басында мен де ән айтқан қызға кішкене күліп қарадым. Кейін ол қыздың сұхбатын көрдім. Жақында АҚШ-қа барып қайттым, сонда америкалықтар ағылшынша қате сөйлесең, біреуі саған "мынаның ағылшыншасы қисық екен" деп күліп қарамайды. Керісінше, көмектесуге дайын тұрады. Ал бізде біреу қазақша дұрыс сөйлемесе, оны мазақ етіп тастайды. Сондықтан мен кейін Рамазанға (Рамазан Амантай - еск.) хабарластым, ол маған әннің мәтінін жіберді. Мәтіні дұрыс, тек кішкене философияға жақын екен. Мүмкін, Диана Исмаилова орындағасын түсінікті болған шығар. Кейін әнді орындаған қызға (Алина Шакиева - еск.) хабарласып, кешірім сұрадым. Қазақта талаптанғанның бетін қақпау керек дейді ғой. Сондықтан ондайға күлмеу керек", - дейді ол.

Өнер иесі төрт күн бұрын болған сайлауда неге ешкімге дауыс бермегенін айтты. 

"Өтірік сайлау болды, шыны керек. Әрине, Тоқаевқа дауыс берер едім. Қазір әлемдегі ахуалға байланысты Тоқаевтан артық президент жоқ дер едім. Бірақ неге сонша ақшаны жарнамаға жұмсайды? Онсыз да бәрі Тоқаевқа дауыс береді ғой. Instagram, TikTok, Youtube-ті ашып қалсаң - Тоқаев. Баяғы жартас, сол жартас деген ой келді. Бастысы - өзінен кейін бәсекеге қабілеті бар көшбасшы дайындап кету", - деп жауап берді Айқын. 

Жақында өнер иесі тыңдармандарын жаңа әнімен қуантқан еді. Ол әннің қалай шыққанын, A.Z-мен қалай танысқанын айтты.

"Кейінгі екі әнді A.Z-мен шығардым. Негізі жеке шығарамын деп ойладым. Бірақ A.Z-ге тыңдатып едім, оған ұнады. A.Z-мен әнді енді орындайын деп жатқанда ол Еркенің (Ерке Есмахан - еск.) қарамағында болған. Ерке арқылы таныстық. Әнді жазып болғанша, Ерке екеуі екі жаққа кетті. Одан басқа, жақында Жұлдызбен (Жұлдыз Өмірғали - еск.) Майамиде "Лас-Вегас - Париж" деген әнге клип түсіріп қайттық. Бұйырса тыңдарманға жол тартады", - дейді өнер иесі.   

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!