Астанада 32 жастағы келіншек өз пәтерінен өлі табылды

Астанада 32 жастағы келіншек өз пәтерінен өлі табылды

Астанада 32 жастағы келіншектің мәйіті өз пәтерінен табылды. Бұған қатысты "өз-өзін өлтіру" бабымен іс қозғалған. Бірақ марқұмның туыстары онымен келіспейді, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.

Қызылорда облысының тумасы Асыл Тәпенова Астанаға жұмыс бабымен көшіп келген. Ол елордада жалдамалы пәтерде тұрыпты.

Анасының айтуынша, ол қызымен бірнеше күн байланысқа шыға алмай қалған. Содан уайымдап, Астанадағы туыстарына Асылдың жағдайын біліп келуді өтінген. Олар 6 қарашада әйелдің пәтеріне барған сәтте қансырап жатқан туысының мәйітін көрген.

"Хабарласқан едім телефонын алмады. Сол жақтағы әпкесіне барып көріп қайтшы дедік. Әпкесі үй жағына барған, көршілері 3 күн бұрын сол пәтерден айғай-шудың шыққанын айтқан", - дейді марқұмның ағасы Әділхан Маханов.

Сондай-ақ, туыстары Асылдың өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін емес екенін айтады.

"Әбден қинап өлтірген. Енді адам өзін өйтіп істемейді ғой. Бұл адамның қолынан қаза тауып отыр. Кінәлі адам ұсталып, жазасын алса дейміз", - дейді марқұмның ағасы.

Асыл Тәпенова жалдап тұрған пәтердегі көршілері келіншектің жалғыз өзі тұрғанын айтқан. Мәйітке жасалған сараптамадан соң суицид деп қорытынды шығарылған. Бірақ, туыстары мұнымен келіспейді. 

"Аталған факт бойынша Астана қаласының Сарыарқа аудандық ПД-нің ҚР 105-бабы 1-тармағы бойынша соталды тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Оның қорытындысы бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданатын болады", - дейді Астана қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Нұрәлі Тәңірбергенов.

Айта кетейік, Асыл Тәпенованың артында 10 жастағы қызы мен 57 жастағы анасы қалған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Г. Досымшалова