20 жаста 35 ел. Блогер қалай аз ақша жұмсап, саяхаттауға болатынын айтты

Блогер Карима Мәлік 20 жаста. Ол 35 ел мен 70 қаланы аралап үлгерген. Блогер Instagram-парақшасында саяхат туралы лайфхактарды бөліседі. Massaget.kz тілшісіне берген сұхбатында блогер қалай аз ақшаға шетелге шығып, саяхаттауға болатынын айтты. 

Instagram/toop_tiip

Блогердің айтуынша, ел аралап, саяхаттауға көп ақша керек емес, бастысы - саяхаттаудың тиімді жолдарын таба білу. 

"Жалпы, қазақстандықтар шетелге бірнеше лоукостермен ұша алады. Бірақ шетелге Қазақстаннан емес, Бішкектен Pegasus әуекомпаниясы арқылы билет алу тиімді. Билеттер салыстырмалы түрде арзанға шығады. Бұл - бір. Екіншіден, Wizz air деген әуекомпания бар. Ол - Венгрияның лоукостер компаниясы. Алматы - Абу-Даби, Астана - Абу-Даби, Астана - Будапешт бағытында ұшады. Ал Абу-Дабиден Еуропаның кез келген мемлекетіне тиімді бағада билет алуға болады", - дейді Карима Мәлік.

Карима шетелге шықпас бұрын бәрін егжей-тегжей жоспарлау керек дейді. 

"Шетелге шықпас бұрын, визаға назар аудару керек. Көп елде виза режимі бар. Сондықтан виза қажет пе, соны білу керек. Одан кейін қонақүйді жоспарлау керек. Қайда барамын? Қандай жерді көремін? Барлығын шақырымына қарай есептеу керек. Бәрін егжей-тегжей жоспарлау керек. Көз алдыңызға жол картасын сызып, елестету керек", - дейді ол.

Блогердің айтуынша, жиі саяхаттау үшін чемодан емес кішкентай рюкзак ыңғайлы.

"Өзіңізбен бірге үнемі чемодан емес, рюкзак алуға тырысыңыз. Егер сізде Дубай не Мысырда жеті күн бір қонақүйде жататын демалыс болмаса, керісінше шытырманға толы демалыс қаласаңыз, артық зат арқалаудың қажеті жоқ. Бұдан басқа әр заттың шағын түрін алуға тырысыңыз. Бұл - саяхатта нағыз керек дүние", - дейді ол. 

Сондай-ақ, турблогер саяхатта ең керек заттарды атады. 

"Бірінші - төлқұжат, екінші - карта, Kaspi немесе кез келген банк картасы, үшінші - Google maps, яғни карта, төртінші - жеке куәлігіңіз. Шетелде төлқұжатыңызды кенет жоғалтып алсаңыз, консулдыққа барып, көмек ала аласыз", - дейді турблогер. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!