"Сайлаудан түңілгендер". Бәріне қарсы таңдау жасаған кімдер?

20 қарашада Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтті. Кеше, 22 қарашада сайлаудың қорытынды нәтижесі жарияланды. Қасым-Жомарт Тоқаев 81,31 пайыз дауыс жинап жеңіске жетті. Биылғы сайлаудың ерекшелігі - қазақстандықтар "бәріне қарсымын" деген таңдау жасай алды. Сайлау нәтижесі бойынша, 5 пайыздан аса адам "бәріне қарсы" таңдау жасаған. Қазақстандықтардың мұндай таңдау жасауына не себеп? Massaget.kz тілшісі бұл туралы танымал саясаткерлердің ойын білді. 

"Қазақстандықтар "бәріне қарсымын" деген таңдауды әлі түсіне қойған жоқ"

Белгілі қоғам қайраткері, саясаткер Дос Көшім "бәріне қарсымын" деген таңдауды 50-60 пайыз адам жасайды деп ойлағанын жасырмады. 

"Менің ойымша, қазақстандықтар "бәріне қарсымын" деген таңдауды әлі түсіне қойған жоқ. Қарсы болатындар 50-60 пайыз бола ма деп ойлап едім. Себебі Тоқаевқа да қарсылар көп, ал қалған бес кандидат президент боламын деп отырған тұлғалар емес. Сондықтан осы жерде Тоқаевқа қарсылар ма деп ойлаймын", - дейді саясаткер. 

Дос Көшім. Фото: ашық дереккөздерден

Ол "бәріне қарсымын" деген таңдау ешқандай нәтиже бермейтінін айтады.

"99 пайыз қазақстандық соны таңдаса да ештеңе шықпайды. Себебі заңда сайлаушылардың 50 пайызы қарсы болса, сайлау өтпеді деп есептеледі деген бап жоқ. Кезінде 1995 жылдары болған, бірақ оны бір жылдан кейін алып тастады. Сондықтан ол таңдауды неліктен енгізгенін білмеймін. Іштей білемін әрине, билікке ешқандай қауіп жоқ екенін түсінгеннен кейін енгізді", - дейді маман. 

Дос Көшім мұндай таңдауды кімдер жасаған болуы мүмкін екенін айтты. 

"Жалпы сайлау жүйесіне қарсы адамдар сондай таңдау жасаған болуы мүмкін. Көбі сайлаудан түңілгендер деп ойлаймын. Бұған дейін бірнеше сайлау болды. Олардың ішінде ештеңе өзгерген жоқ: сол адамдар, сол заң, сол сайлау жүйесі. Сондықтан бұл адамдардың сайлау институтына қарсылығы деп ойлаймын", - дейді ол. 

"Қарсы болу не наразы болу, негізі, заңды құбылыс"

Ал саясаттанушы Әділ Сайлаубек биылғы президент сайлауы бұрынғыға қарағанда біраз шынайылығы басымдау болды деп ойлайтынын айтады. 

"Себебі Қазақстан бойынша қатысушылар саны 70 пайызға жуық болды. Осы жолғысы әділдікке біраз жақын болды деп санаймын. "Бәріне қарсымын" деген таңдау қашан болар екен деп жүр едік. 600 мыңға жуық адам бәріне қарсымын деп таңдапты. Яғни жасалып жатқан реформалар, жасалып жатқан көптеген шара әлі де болса 5 пайыздан аса адамның көңілінен шықпады дегенді білдіруі мүмкін. Еш нәрсе кемшіліксіз болмайды. Сондықтан осы бағытта уәжін не өтінішін білдірген халықтың ойынан қорытынды жасауымыз керек деп ойлаймын. Әрине, бәрінің көңілінен шығу мүмкін емес. Қарапайым мысал, 100 адам болса, міндетті түрде оның 10-ы не 20-сы қарсы болуы мүмкін. Дегенмен басым бөлігінің қолдауы - тұрақтылық, бірлік пен тыныштықты қалайтын халықтың ойы деп ойлаймын", - дейді саясаттанушы. 

Әділ Сайлаубек. Фото: жеке архив

Әділ Сайлаубектің сөзінше, сайлау нәтижесіне қарсы не наразы болу - заңды құбылыс.

"5 пайыздан аса адам әлі де болса мемлекетке, жасалып жатқан өзгерістерге көңілі толмауы себебінен бәріне қарсы таңдау жасаған болуы мүмкін. Осы орайда Үкімет тарапынан да, мемлекет тарапынан да әділ шешім шығарады деп ойлаймын. Қарсы болу не наразы болу, негізі, заңды құбылыс. 30 жылда бәрі мінсіз көрінгендей болды қағаз жүзінде. Ал іс жүзінде соның көрінісін көріп отырмыз. "Бәріне қарсымын" деген таңдаудың қосылғаны дұрыс деп ойлаймын. Ол барлық демократиялық мемлекетте, Еуропа елдерінде де мұндай жаңашылдық бар. Мемлекетке пайдасы тиер дүние деген ойдамын. Енді осыдан нақты, дұрыс шешім шығарсақ дамуымыз ілгерілеуі мүмкін", - дейді Әділ Сайлаубек. 

Еске салайық, биылғы кезектен тыс президент сайлауына жалпы 8 300 046 адам сайлауға қатысты, бұл жалпы сайлаушылардың 69,44 пайызы.

Дауыс беру қорытындысы бойынша кандидаттар:

Қарақат Әбден - 206 206 дауыс немесе 2,6 пайыз;
Нұрлан Әуесбаев - 176 116 дауыс немесе 2,22 пайыз;
Жигули Дайрабаев - 271 641 дауыс немесе 3,42 пайыз;
Мейрам Қажыкен - 200 907 дауыс немесе 2,53 пайыз;
Қасым-Жомарт Тоқаев - 6 456 392 дауыс немесе 81,31 пайыз;
Салтанат Тұрсынбекова - 168 731 дауыс немесе 2,12 пайыз дауыс жинады. 

Президентті ұлықтау рәсімі 26 қарашада өтеді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!