Арыстанбек Мұхамедиұлының қамау мерзімі ұзарды

Арыстанбек Мұхамедиұлының қамау мерзімі ұзарды
Фото: ©Тұрар Қазанғапов

Ұлттық музейдің бұрынғы басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлының қамау мерзімі ұзарды. Бұл ақпаратты Астана сотының баспасөз қызметі растады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"2022 жылғы 18 қарашада Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты қамауда ұстау түріндегі санкцияланған бұлтартпау шарасы мерзімін бір айға ұзартты", - деді баспасөз қызметі өкілі.

Айта кетейік, 2022 жылғы мамырда бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қамауға алынғаны белгілі болды. Ол кезде Мұхамедиұлы ұлттық мұражайды басқарған болатын. 28 мамырда сот санкциясымен Мұхамедиұлына "қамауда ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Әлем мұражайлары бойынша алтын адам шеруі" халықаралық көрмесін өткізу бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шарт шеңберінде 146 миллион теңге мөлшерінде бюджет қаражатын ұрлау дерегіне қатысты ұлттық музейдің лауазымды тұлғаларына және басқа да адамдарға қатысты тергеуді бастады. 

Шілдеде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің өкілдері ұлттық музейдің бұрынғы басшылығына және басқа да адамдарға қатысты 2017-2018 жылдары "Ақпараттық ресурстарда нысандарды танымал ету үшін жалпыұлттық тізбеге енгізілген нысандардың 3D-модельдерін құру" жобасын іске асыру кезінде аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын ұрлау дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова