"Сенімінің даусыз дәлелі". Назарбаев Тоқаевты қалай құттықтады?

Нұрсұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевты кезектен тыс Қазақстан Республикасының президенті сайлауындағы жеңісімен құттықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Elbasy.kz-ке сілтеме жасап.

"Сізді Қазақстан Республикасының президенті сайлауындағы айқын жеңісіңізбен риясыз көңілмен құттықтаймын!

Бұл - Мемлекет басшысы ретіндегі беделіңіздің айшықты айғағы, сондай-ақ, ауқымды реформаларыңыз бен тың бастамаларыңызға және тәуелсіздік тағдыры таразыға тартылған сын сағатта көрсете білген табанды да шешімтал мінезіңізге, ақыл-парасатыңызға деген халықтың қалтқысыз сенімінің даусыз дәлелі.

Алдағы уақытта да баршаның алғыс-ризашылығы мен құрметіне бөлене беруіңізге тілектеспін", - делінген Тұңғыш президенттің құттықтауында.

Назарбаев Тоқаевқа әрқашан халықтың жалпы қолдауы мен құрметіне ие болуды тіледі.

Еске салайық, кеше, 20 қарашада кезектен тыс президент сайлауы өтті. Нұрсұлтан Назарбаев "Астана Опера" театрындағы сайлау учаскесінде дауыс берді.

Еxit-poll нәтижесі бойынша, Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауында қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 82 пайызға жуық дауыс жинап, жеңіске жетті.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!