Айрықша бақылауға алынған іс: Талдықорғанда оқушы қызды аңдып, тиіспек болған ер адам ұсталды

Талдықорғанда 12 жастағы қызды артынан аңдып, тиіспек болған ер адам ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz.

Ведомство мәліметінше, 16 қарашада Талдықорған полицейлеріне көшелердің бірінде белгісіз адам 12 жастағы оқушыны аңдып, тиіспек болғаны туралы хабар келіп түскен. Шабуыл сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Күдікті қызыл күртешемен жүрген.

"Жедел-іздестіру іс шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстады. Ол бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған 38 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Ер адам Талдықорған қаласының полиция бөліміне жеткізілді", - деді Жетісу облысты ПД бастығының орынбасары Ельдар Әбдікенов.

Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 124-бабы (жас балаларды азғындық жолға түсіру) бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ұсталған адамның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілетін болады.

Еске салайық, бұған дейін Талдықорғанда ер адам 12 жастағы қыздың артынан аңдып, тиіспек болғаны туралы хабар тараған еді. Іс айрықша бақылауға алынды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!