Мұғалім үй тапсырмасына көңілі толмай, оқушыларды сабап тастаған

Бұхарада мектептердің бірінің бастауыш сынып мұғалімі нашар орындалған үй тапсырмасына көңілі толмай бүкіл сыныпты сабап тастаған, - деп хабарлайды Podrobno.uz.

Оқиғаның видеосын жергілікті депутат Расул Көшербаев Telegram-да жариялап, бұл әрекетті "феодализмге оралу" деп атаған.

Кадрларда мұғалім әр қатарға өтіп, оқушылардың үй тапсырмасын тексергені көрінеді. Басылым мәліметінше, оған балалардың тапсырманы орындағаны ұнамаған. Сол үшін мұғалім құлақтарынан тартып, беттерінен ұрған, оның ішінде қыздар да бар. Содан кейін ол сызғышты алып, мектеп оқушыларын сабауды жалғастырған.

Депутат Өзбекстанның Халыққа білім беру министрлігі мен басқа ведомстволарынан жағдайды бақылауға алуды сұраған.

Кейінірек видеодағы мұғалім өз еркімен жұмыстан кеткені белгілі болды.

"Бұл оқиға төтенше жағдай ретінде бағаланды. Сол күні облыс әкімінің орынбасары Мирали Хамроевтың басшылығымен жиналыс өткізіліп, болған оқиға талқыланды. Халыққа білім беру бөлімдерінің басшылары мен мектеп директорларына мұғалімдердің педагогикалық мәдениетін арттыру және осындай жағымсыз жағдайға жол бермеу үшін қатаң міндеттер қойылды", - деген Халыққа білім беру басқармасы өкілі.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!