"Не родись красивой" сериалының актерлері қазір қайда жүр?

2000-жылдардың ортасында ресейлік "Не родись красивой" сериалы қазақстандықтардың назарын аударған. Катя Пушкарева мен Андрей Жданов деген кейіпкерлерді көбі ұмыта қоймаған шығар. Massaget.kz тілшісі ресейлік телехикаяның актерлері қазір қайда жүргенін баяндайды.

"Не родись красивой" телесериалы 2005-2006 жылы түсірілген. Ол - колумбиялық Yo soy Betty, la fea теленовелласының Ресейге бейімдетіліп түсірілген нұсқасы. Сериал 200 бөлімнен тұрады.

Телехикаяда Екатерина Пушкареваның өмірі көрсетіледі. Катя - ақылды, білімді, бірақ ұсқынсыз. Ол Zimaletto компаниясының хатшысы қызметіне алынады. Сөйтіп, компания президенті Андрей Ждановқа ғашық болып қалады. Ждановтың қалыңдығы бар, бірақ оның көзіне шөп салып жүр, компанияда да проблема көп. Пушкареваның соның бәрін жасырады. Артынша Жданов Катяға өтірік ғашық болып, кездесе бастайды.

Сериалдың басты саундтрегі Юлия Савичеваның "Если в сердце живет любовь" әні хит болған. 

Бүгін де осы ән мен телехикая тығыз байланыста.

Бас кейіпкер Екатерина Пушкареваның ролінде Нелли Уварова ойнады. Сериал шыққанда жасы 25-те болған, қазір 42-де. Уварованың актерлік жолын ашқан осы телесериал. Оған дейін тек эпизодтарға түскен.

Жұлдызы жанған актриса жоба аяқталған соң 20-дан аса фильм мен сериалда ойнады. 2020 жылы "Последний министр" сериалына түсті.

Одан бөлек, Нелли 20 жылдан аса уақыт бойы спектакльдерге түседі. Түрлі телевизиялық шоуларға қатысқан.

2005-2009 жылдар арасында режиссер Сергей Пикаловпен тұрмыста болған. Ал 2011 жылы актер Александр Гришинге күйеуге шықты. Отбасының қазір бір қыз, бір ұлы бар.

Ал Zimaletto басшысы, Катяны алдаған Андрей Жданов ролінде Григорий Антипенко ойнады. Антипенко да "Не родись красивой" сериалына дейін эпизодтарда ойнаған. Телехикая аяқталған соң, түрлі жобаға қатысты. Фильм мен сериалдарға әлі түсіп жүр. 2011 жылы "Возмездие" сериалында басты рольде ойнады.

Одан бөлек, Антипенко дубляж актері ретінде де жұмыс істеген. Disney-дің "Рапунцель: шым-шытырық оқиға" және "Тэд Джонс пен Жоғалған қала" мультфильмдерінде дубляж актері болған. Григорий Антипенко театр актері ретінде де танымал. 

Актер алғашқы әйелімен ажырасқаннан кейін, "Не родись красивой" түсірілімі кезінде танысқан актриса Юлия Такшинамен алты жыл азаматтық некеде болған. Ал 2019 жылы үйленгенін, бірақ жарының есімін айтпайтынын мәлімдеген. Актердің әр некеден төрт ұлы бар.

Екатерина Пушкареваның жақын досы, Zimaletto компаниясының қаржы директоры болатын Николай Зорькин ролінде Артем Семакин ойнады. Бұл сериалға келмес бұрын бірқатар жобаның эпизодтарына түскен. 2006 жылы "Әр түрлі бауырлар" сериалының басты ролінде ойнады. 

Әлі де актер ретінде қызметін жалғастырып жүр. Көбіне мұғалім, компьютер данышпаны, IT маманын сомдайды. 2020 жылы "Перевал Дятлова" сериалында ойнады.

Семакин екі рет отау құрған. Алғашқы әйелі - актриса Анастасия Миляева. Бұл некеден бір қызы бар. Кейін "Не родись красивой" сериалында актриса Мария Машковамен танысып, бірінші әйелімен ажырасқан. 

Артынша Машкованың көзіне шөп салғанын мойындап, ажырасып кеткен.

Андрей Ждановтың досы, Zimaletto вице-министрі Роман Малиновскийді актер Петр Красилов сомдады. Красиловті киноға қарағанда, театр актері деген дұрыс шығар. Бірақ карьерасында 20-дан фильм не сериалға түскен.

Актер түрлі театрда жұмыс істеген. Ресей академиясының жастар театрында ұзақ жыл тер төккен. Станиславский атындағы театрда ойнаған.

Красилов актриса Наталья Селивановамен азаматтық некеде болған, бұл отбасыдан бір ұл дүниеге келді. 2005 жылы актриса Ирина Шебекомен отау құрып, былтыр ажырасып кетті.

Ждановтың қалыңдығы, оны Катядан қызғанып жүретін Кира Воропаеваның ролінде Ольга Ломоносова ойнады. Актриса киноға өте белсенді түседі. 20 жылдық карьерасында 54 жобаға түскен. Былтыр "Ледяной демон" фильмінде басты рольде ойнады. 

Ольга Ломоносова театр актрисасы ретінде де белгілі. Еңбек жолында 9 театрдың сахнасында өнер көрсеткен.

Актрисаның алғашқы жары продюссер Евгений Ряшенцев болды. Бірақ ерлі-зайыпты 1,5 жылдан кейін ажырасып кетті. Қазір актер Павел Сафоновпен азаматтық некеде. Екі қызы, бір ұлы бар.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!