Петропавлда жарылыс болып, 9 адам зардап шекті

Петропавлдағы техникалық қызмет көрсету орталықтарының бірінде жарылыс болып, 9 адам зардап шекті, - деп хабарлайды Petropavlovsk.news тілшісі.

Басылым мәліметінше, оқиға бейнебақылау камераларына түсіп қалған.

Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментіне 17 қарашада сағат 16:16-да Петропавл қаласы, Гашек көшесінде орналасқан ТҚО-ның бірінде жарылыс болғаны туралы ақпарат келіп түскен.

"Жеңіл көлікке орнатылған газ баллоны жарылған. 101 қызметіне сағат 16 кезінде қоңырау түсті. Әртүрлі дене жарақатын алған 9 адам "Жедел жәрдем" көлігімен емдеу мекемелеріне жеткізілді. Оқиға орнына жедел жеткен өртсөндірушілер 100 шаршы метр аумаққа жайылған қызыл жалынды ауыздықтады. Тілсіз жаумен күреске облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру қызметінің 43 маманы мен 10 техникасы жұмылдырылды. Қаза тапқандар жоқ", - деді Солтүстік Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі өкілдері.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!