Астанада табысы төмен азаматтарға 50 мың теңгеден беріліп жатыр

Астанада табысы төмен төрт санаттағы азаматтарға көмір алу үшін 50 мың теңгеден беріліп жатыр, - деп хабарлайды Qazaqstan.tv

Телеарна мәліметінше, көмекті алу үшін қалалық жұмыспен қамту басқармасына хабарласу қажет. Іс-шара келесі жылдың 30 сәуіріне дейін жалғасады.

Ал Астананың 40-станция аймағындағы теміржол тұйығы - қаладағы көмір сататын ең үлкен орындардың бірі. Мұнда ұзын сонар кезек пен дүрбелең жоқ. Мамандардың айтуынша, көмір жеткілікті.

"Тамыздан бастап сатып жатырмыз, соның әсерінен қазір даурығу жоқ. Көп халық алды", - дейді көмір сататын орынның қойма меңгерушісі Алтынбек Есжанов.

Телеарна мәліметінше, қазақстандықтар жылына 10 миллион тонна көмір тұтынады. Соның ішінде Шұбаркөлге сұраныс жоғары, бірақ Шұбаркөлде жылына 3 жарым миллион тонна шығарылады. Сондықтан кейде көмір жетпей жатады. Теміржол тұйықтарында Шұбаркөл көмірінің бағасы - 13 850 теңге. Бірақ Жібек Жолы, Талапкер, Қосшы, Қоянды және Аршалыға жеткенше тасымалдау құны қосылып, қымбаттайды.

"Қаланың сырты болса 20-25 мың, алыстаған сайын қымбатырақ болады ғой", - дейді көмір тасымалдаушы Бағдат Мамыраев.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!