Шыңғыс хан қай рудан шықты деген талас-тартысты қою керек - Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шыңғыс хан қай рудан шыққан деген секілді бос әңгімені қою керегін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Мен академик Асқар Жұмаділдаев айтқан пайыммен толық келісемін. Халқымыз осындай күрделі заманда ең алдымен, әлемге прагматикалық көзбен қарауы керек.

Бос әңгімелерді тоқтату қажет. Мысалы, Шыңғыс хан қай рудан шықты деген талас-тартысты қою керек деп ойлаймын", - деді ол.

Президенттің сөзінше, қазіргі таңда зиялы қауымның кейбірі шетінен тарихшы, шыңғыстанушылар болып кеткен. Мұның қоғамымызға пайда әкелеріне күмәні барын айтты.

"Жастарымыздың санасы сергек, еті тірі, ширақ болуы қажет. Көрші мемлекеттердегі жас азаматтар шетелге барып, кәсіпорындар, дүкендер ашып, жақсы өмір сүру үшін жаңа дағдыларды игеріп жатыр. Олар, шын мәнінде, бәсекеге қабілетті, еңбекқор адамдар. Қазіргі жағдайда мен бір жерде өмір сүремін, туыстармен өмір бойы бірге тұрамын деген ұғым әбден ескірген.

Сондықтан, құрметті ағайын, бәріміз озық болайық! Сонда ғана жастарымыздың көзі ашық, көкірегі ояу, ойлары ұшқыр болады, көптеген сын-қатерге төтеп бере алады. Өз жағдайын өздері жасап, жақсы өмір сүре алады", - деді Тоқаев.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!