Түркістанда Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына арналған халықаралық түркітанушылар конгресі өтті

Түркістанда Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына арналған халықаралық түркітанушылар конгресі өтті

Бүгін Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен Түркістанда Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған халықаралық түркітанушылар конгресі өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқыды.  

"Ұлт ұстазы атанған Ахаң түбі бір, тарихы тамырлас елдер үшін аса құнды ғылыми-танымдық мұра қалдырды. Сол себепті оны барша түркі жұрты құрмет тұтады. Әзербайжан, башқұрт, өзбек түрік халықтарының белгілі ғалымдары бас қосқан бүгінгі конгресс - соның айқын дәлелі", - делінген құттықтауда. 

Конгресте ЮНЕСКО бас директорының орынбасары Рамос Габриеланың Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған құттықтау сөзі бейнежазба арқылы көрсетілген. Халықаралық басқосуда ТҮРКСОЙ бас хатшысының орынбасары Билял Чакыджы құттықтау сөз сөйлеген. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында атқарылған маңызды іс-шаралар жөнінде баяндаған.

Іс-шараға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан мен Ресейдің белгілі ғалымдары қатысып, терең мазмұнды баяндама жасаған.

Конгресс аясында Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдық жинағының, Ахмет Байтұрсынұлының таңдамалы шығармаларының 4 тілдегі (қазақ, орыс, ағылшын, түрік) кітабының, профессор Қаржаубай Сартқожаұлының "Орхон ескерткіштерінің толық атласы" атты еңбегінің 3 томдығының, филология ғылымдарының докторы Алмасбек Әбсадықовтың "Серт", "Ұстаз жолы" кітаптарының тұсаукесері ұйымдастырылған. 

ТҮРКСОЙ ұйымының "Ахмет Байтұрсынұлы" медалімен және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің "Ахмет Байтұрсынұлы" ведомстволық төсбелгісімен Қазақстан, Түркия, Өзбекстан ғалымдары марапатталған.

Пленарлық отырыс секциялық жұмыстарға ұласты. Соның ішінде "Ахмет Байтұрсынұлы және түркі тілдерінің теориясы мен тарихы" секциясына Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы жетекшілік етсе, "Ахмет Байтұрсынұлы және сөз өнері" секциясын "Егемен Қазақстан" республикалық газеті" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлы жүргізді. Қазақстан Республикасы Білім академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов "Ахмет Байтұрсынұлы және қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар" секциясына басшылық жасады.   

Конгресс қорытындысы бойынша арнайы қарар қабылданған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова