Дүние жүзінде қос тілде жазылған жалғыз валюта - теңге

Дүние жүзінде қос тілде жазылған жалғыз валюта - теңге

1993 жылдан бері 15 қарашада Қазақстанда ұлттық валюта күні атап өтіледі. Дәл осы күні республика бойынша теңге айналымға шыққан болатын. Massaget.kz тілшісі теңге трансформациясы қалай болғанына шолу жасады. 

Алғаш шыққан кезде 1 теңге - 500 рубльге тең болды. Теңге айналымға шыққаннан кейін ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастауға бес күндей уақыт берілген. Яғни 1993 жылы 15 қарашада сағат 08.00-де басталып, 20 қарашада сағат 20.00-де аяқталған. Бастапқыда Ұлттық банк 1 теңгені 1000 рубльге бағалаған болатын. Артынша түрлі әлеуметтік және саяси мәселелер ескеріліп 500 рубльге түсті. Ал 1 доллар 4,75 теңге болған. 

Қазақстандық валютаның алғашқы партиясы Ұлыбританияда шығарылды. Ал теңге Германияда басып шығарылған. Ол үшін қазақ валютасының атасы саналатын дизайнерлер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Еуропаға барған. Артынша Қазақстанның өзінде Банкнота фабрикасы ашылып, жаңа валюта шыға бастады. 

Бастапқыда 1-100 теңге аралығындағы купюралар болған. Оларда танымал тарихи тұлғалардың портреттері бейнеленген еді. 

1 теңгеде әлемге әйгілі ойшыл әл-Фарабидің портреті болған.  

3 теңгеде әйгілі ақын, айтыс өнерінің майталманы Сүйінбай Аронұлының портреті болған. 

5 теңгеде қазақтың ұлы күйші-композиторы, қазақтың аспапты музыка өнерінің классигі Құрманғазы Сағырбайұлы бейнеленген. 

10 теңгеде - ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов. 

20 теңгеде ұлы ақын Абай Құнанбайұлы бейнеленге. 

50 теңгеде - Әбілқайыр ханның портреті.

Ал 100 теңгеде 1771-1781 жылдар аралығында билік құрған Қазақ хандығының 18-ханы Абылай хан бейнеленген еді. 

Бүгінде бұл купюралардың бәрі монетаға айналған. Артынша ірі сомадағы купюралар пайда бола бастады. Мысалы 1000 теңге 1995 жылы пайда болса, 1996 жылы алғаш рет 2000 теңге басылып шықты. 1998 жылдан бастап 5000 теңгелік купюра шықты. Алайда 2007 жылдың 14 қарашасынан бастап ескі нұсқадағы купюралар айналымнан шықты. 

2006 жылы 200 теңгеден бастап 10 мың теңгеге дейін жаңа сериядағы, мүлде жаңа дизайндағы банкноталар басылып шықты. 

1993 жылы айналымда тиындар да болған. Бастапқыда тиын қағаз күйінде еді. 

massaget.kz коллажы

Теңгенің ірі купюралары әр жылдары түрлі өзгерген. Мысалы 200 теңге бастапқыда қағаз күйінде болса, бүгінде ол монетаға айналған. 

200 теңгенің алғашқы нұсқасы

200 теңгенің қазіргі нұсқасы

500 теңгелік купюра да түрлі трансформацияға ұшыраған. Алғашқы нұсқада әл-Фараби мен арт жағында Қожа Ахмет Яссауи кесенесі бейнеленген. 

Купюраның бүгінгі нұсқасы. 

1000 теңгенің алғашқы нұсқасы 500 теңгенің алғашқы нұсқасына ұқсайтын. Айырмашылығы - тек түсінде еді.

Жаңа нұсқада қазақ елі монументі және Маңғыстау өлкесіндегі қызыл қатпарлы су шайып кеткен бор қабаттары Қызылкүпті байқауға болады. 

Ең алғашқы 5000 теңгеде де әл-Фараби бейнеленген. 

Бұл 5000 теңгенің жаңа, күні бүгінге дейін қолданып жүрген нұсқасы. 

Қазақстандық теңге 29 жаста. Көпті көрген: дизайны бірнеше рет өзгеріп, девальвация мен инфляцияның куәсі болған.

Бүгінде ең үлкен банкнота - 20 мың теңгелік купюра. Қазақстандық банкноталар төрт рет әлемде ең үздік деп танылды: 2011 жылы - 10 мың теңгелік, 2012 жылы - 5 мың теңгелік, 2013 жылы - 1000 теңгелік купюра және 2016 жылы - 20 мың теңгелік купюра. Халықаралық сарапшылар купюраның дизайны мен қорғаныс дәрежесін ескерген. 

Қазақстандық валюта туралы қызық деректердің бірі - теңге жазуы қос тілде жазылған дүние жүзіндегі жалғыз валюта.  

Теңгенің символы "Т" әрпіне ұқсас екені белгілі. Бұл символдың таңдалуына қатысты да қызық дерек бар. 2006 жылы Ұлттық банк теңгенің символын анықтау мақсатында байқау ұйымдастырады. Конкурсқа ұсынылған 30 мың жұмыстың ішінен Вадим Давиденко мен Санжар Амерхановтың жұмысы үздік болып танылған. Олар Ұлттық банктен бір миллион теңге және қазақстандық банктердің бірінен 5 мың доллар көлемінде сыйақы алған.   

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина