Қыс мезгілі Украинадағы соғысқа қалай әсер етеді?

Қыс мезгілі Украинадағы соғысқа қалай әсер етеді?
Фото: twitter.com/DefenceU

БҰҰ Украинадағы шығынның өтелуі туралы қарарды мақұлдады. Еуропа Одағы елдері Украина сарбаздарына арналған әскери жаттығу жобасын бастады. Алайда қыс бұл соғысқа әсерін тигізбей қоймайды. Бұл туралы Ұлыбритания Қорғаныс министрлігі болжам жасаған. Massaget.kz тілшісі Украинадағы кейінгі ахуалға шолу жасады.

БҰҰ Бас Ассамблеясы Ресейдің Украинаға өтемақы төлеуі туралы қаулы қабылдады

БҰҰ Бас Ассамблеясы Ресейдің Украинадағы халықаралық құқықты бұзғаны үшін әскери өтемақы төлеу арқылы жауапқа тартылуы туралы қарарды мақұлдады.

"Ресей өзінің барлық халықаралық заңсыз әрекетінің, соның ішінде осындай әрекеттерден туындаған кез келген зиянды қоса алғанда, өтемақының құқықтық салдарын көтеруі керек", - делінген қарарда.

Оны Ассамблеяның 193 мүшесінің 94-і қолдаған, 14 ел қарсы дауыс берген, 73-і қалыс қалған.

"Ресейді жауапқа шақыратын кез келді", - деді Украинаның БҰҰ-дағы елшісі Сергей Кислица.

Украина қиын айларға тап болады - НАТО басшысы

НАТО басшысы Йенс Столтенберг Украинаның қиын айларға тап болатынын айтып, Ресей Қарулы Күштерінің мүмкіндіктерін бағаламауға болмайтынын мәлімдеді.

"Алдағы айлар қиын болады. Путиннің мақсаты - Украинаны осы қыста суыққа әрі қараңғыға қалдыру. Біз Ресейді дұрыс бағаламай, қателеспеуіміз керек. Олар әлі де Украинаның едәуір бөлігін басқарады... Біз не істеуіміз керек? Украинаның қолдауды нығайту қажет", - деді Столтенберг Нидерландының сыртқы істер және қорғаныс министрлерімен кездесуден кейін.

Байден: Херсонды босату - Украинаның маңызды жеңісі

АҚШ президенті Джо Байден Украинаның Херсонды алуын "маңызды жеңіс" ретінде қабылдады.

"Жақында қыс келеді және бұл шайқасты бәсеңдетеді. Бірақ мен украиналықтардың батылдығына, табандылығына және қабілетіне қошемет көрсетуден басқа ештеңе істей алмаймын", - деді Байден Балидегі G20 саммитінде қытайлық әріптесі Си Цзиньпинмен алғашқы кездесуден кейін.

Америкалық көшбасшы соғыстың нәтижесі әлі белгісіз болғанымен, оның Украинаны Ресей басып алуымен аяқталмайтынына сенімді екенін айтты. Байден АҚШ Украинаға одан әрі көмек көрсететініне сендірді. Ол Вашингтон Киевсіз ешқандай келіссөз жүргізбейтінін айтты.

"Украинасыз Украинаға қатысты ештеңе болмайды. Бұл - Украинаның өзі қабылдауы керек шешім", - деді ол.

ЕО Украинаға қатысты әскери жаттығу миссиясын бастайды

Еуропа Одағы елдерінің сыртқы істер министрлері Брюссельде Украина қарулы күштеріне арналған жаттығуды бастау үшін кездеседі. Блоктың бас дипломаты Джозеп Боррел 15000-ға жуық украиналық сарбаз Польшада оқуы керегін мәлімдеді. Сонымен қатар, ол бірнеше ел қатысуға дайын екенін айтты.

Германия Қарулы Күштері 5000 украиналық сарбазға жауынгерлік дайындық пен тактикалық жаттығу өткізуді жоспарлап отыр. Дүйсенбіде Жаңа Зеландия украиналық сарбаздарды оқытуға көмектесу үшін Ұлыбританияға қосымша 66 адам жіберетінін айтқан.

Польша Украинадан келген босқындарға орын дайындайды

Польшаның интеграция министрі Агнешка Сцигай Варшава қыс жақындаған сайын ресейлік шабуылдан қашқан украиналықтарды қабылдау орталықтарында 100 000-нан аса орын дайындайтынын айтты. Әзірге Украинадан Польшаға келген босқындар саны артқаны байқалмайды, бірақ Польша билігінің пікірінше, жағдай өзгеруі мүмкін.

АҚШ Қаржы министрлігі Ресейге қарсы санкцияның жаңа раундын енгізді

Қаржы министрлігінің шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) мемлекеттік департаментпен бірлесіп, тағы 14 адам мен 28 заңды тұлғаны санкция тізіміне енгізді. АҚШ оларды "арнайы тағайындалған азаматтардың тізімі" деп аталатын тізімге енгізді.

Ұлыбритания Қорғаныс министрлігі қыс соғысқа қалай әсер ететінін болжады

Ұлыбритания Қорғаныс министрлігі қыс Ресей мен Украина арасындағы соғысты қалай өзгертетініне болжам жасады. Министрлік мәліметінше, күннің ұзақтығы, сондай-ақ, температура мен ауа райы екі жаққа да қиындық туғызады.

"Ресейдің Бас штабы қабылдайтын кез келген шешім қыстың басталуына байланысты болады. Жаздың ортасындағы 15-16 сағатпен салыстырғанда, күндізгі жарық тәулігіне 9 сағаттан да аз уақытқа дейін қысқарады", - делінген министрлік мәліметінде.

Сондай-ақ, киім мен баспана мәселесі де өзекті болып отыр.

"Қысқы ауа райына арналған киімі мен баспанасы жоқ әскер суыққа байланысты жарақат алуы мүмкін", - делінген министрлік хабарламасында.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова