Банк картаңызды мына 4 жағдайда бұғаттай алады

Банк картаңызды мына 4 жағдайда бұғаттай алады
Фото: akchabar

Банк кей жағдайда картаны бұғаттап тастауы мүмкін. Оған көбіне кредит бойынша қарыз себеп болып жатады. Алайда картаның бұғатталуына басқа да маңызды себептер бар екен. Бұл туралы заңгер Гүлмира Батырханқызы айтып берді.

Заңгердің сөзінше, банк картаны төрт жағдайда ғана бұғаттай алады.

1. ПИН-кодты үш рет қате тергенде

Егер банкоматта немесе төлем терминалында ПИН-кодты үш рет қате енгізсеңіз, карта автоматты түрде бұғатталады.

Әдетте, бұл кезде сізге картаның бұғатталғаны туралы хабарлама келеді - мобильді қосымшадағы push-хабарлама немесе электронды пошта арқылы. Бірақ кей банк картаның бұғатталғаны туралы есеп бермеуі мүмкін. 

2. Алаяқтық жасалуы мүмкін деген күдік болғанда

Егер картамен жүргізіліп жатқан операциялар күмәнді болып көрінсе, банк аударымдар мен төлемдерді тоқтатып, картаны бұғаттауға құқылы. Осыдан кейін бірден банк сізге хабарласып, ақшаны қайда жіберейін деп жатқаныңызды нақтылауы мүмкін.

3. Қарыз болғанда

Көп жағдайда карта кредит бойынша қарыз салдарынан бұғатталуы мүмкін. Соттың немесе құқық қорғау органының шешімімен ғана банк картаны бұғаттауға құқылы. 

Мысалы, коммуналдық қызмет, кредит бойынша немесе алимент төлемей жүрген адам болса, сот шешімінен соң карта міндетті түрде бұғатталады.

Кредит картасы болса, қарыз уақтылы төленбеген жағдайда ол да бұғатталады.

4. Жаппай аударымдар жасалса

Егер банктегілер карта арқылы аударымдар өте жиі жасалып жатқанын және ол аударымдар қомақты сомада әрі көбіне шетелге жасалып жатқанын байқаса картаны бұғаттап тастауға құқылы. Мұндай жағдайда құқық қорғау органдары ақша жымқыру жағдайы деп күдіктеніп, міндетті түрде тексеріс жүргізеді. Карта иесіне хабарласып, қомақты соманың қандай мақсатта аударылып жатқанын сұрауға құқығы бар. Егер банк мұның барлығы заңды екенін және карта иесінен табысы үшін салық төлеп жатқанын нақтыласа, банк картаны қайта іске қосады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина