Қазіргі жасөспірімдердің негізгі проблемасы қандай?

Түрлі ашықкөз дерегінде жердегі әрбір бесінші адам жасөспірім қатарына жататыны айтылады. Бүгінде қоғамда өзекті мәселенің бірі оқушылардың, жасөспірімдердің жайы болып отыр. Жасөспірім қатарына 11-12 жастан бастап 15-16 жасқа дейінгі балалар жатады. Әдетте өтпелі кезең 9-10 жас аралығында байқалады.

Қазір жасөспірімдер арасында суицид дерегі азаймай тұр. Одан бөлек жасөспірімдер жасаған қылмыс дерегі де көп. Ranking.kz мәліметінше, биыл қаңтар мен қыркүйек аралығында ұрлық жасау дерегіне қатысы бар кәмелетке толмағандар саны 1,1 мың болған. Былтырмен салыстырғанда, 2,1 пайызға артық. Ал 574 кәмелетке толмаған адам қылмыстық құқықбұзушылық жасаған, бұл былтырмен салыстырғанд, 8,1 пайызға көп. Massaget.kz тілшісі психолог Қалдыбек Асылзат Құралтайқызымен сұхбаттасып, жасөспірімдердің осы кезеңдегі ерекшелігі туралы сұрады. 

"Өтпелі кезең" деген түсінік бар

Ашық дереккөз мәліметтерінде қыздардың миы ересек адамның миының мөлшеріне шамамен 11 жаста жететіні, ал ұлдарда бұл 14 жаста болатыны айтылады. Жасөспірімнің миында болатын өзгерістер оның жүйке жүйесіне де әсер етіп, осылайша, баланың психикалық күйіне қауіп төндіреді екен. Сондықтан ссы уақытта мазасыздық, депрессия, шизофрения, тамақтануға қатысты мәселелер пайда болуы мүмкін. Маманның сөзінше, расында да "өтпелі кезең" деген ұғым бар.

"Өтпелі кезең" деген түсінік бар. Бұлай айтуымыз дұрыс. Себебі бұл кезеңде, расында да, психикада өзгерістер болады. Адам психикасының дамуы өмірге келген сәттен бастап жүзеге асады, дамуы бірнеше кезеңнен тұрады. Бұл кезеңде тек психикалық емес, сонымен қатар, физиологиялық, гормоналдық өзгерістер де қатар жүреді. Соның себебінен баланың мінез-құлқы, оқуға ынтасы, адамдармен қарым-қатынасы өзгереді. Кез келген кезең әр балада әртүрлі өтеді. Бұл кезеңді 3 жасқа дейінгі бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынаспен салыстыруға болады. 3 жастағы "өтпелі кезең" де өте маңызды кезеңдердің бірі, бірақ осы 13-14 жастағы жасөспірімдер арасындағы "өтпелі кезеңді" жақсырақ байқаймыз, білеміз. Бұл "өтпелі кезең" баланың ана-анасынан ажырауын, оның жеке тұлға болғанын, есею процесін білдіреді", - деді ол.

Қазір жасөспірімдердің ерекшелігі неде?

Жасөспірім кезде адамның өмір сүру салты да өзгереді. Әдетте жасөспірімге орташа есеппен 9 сағат ұйқы қажет болады. Кейде одан да көп болуы мүмкін. Сондай-ақ, көп жағдайда жаман әдет-дағдының бәрі адамның жасөспірім кезінде пайда болады екен. Ал психолог қазіргі жасөспірімдерге дамыған технология да әсерін тигізбей қоймайтынын айтады.

"Заманына қарай адамы" демекші, технология қатты дамып кеткендіктен, барлық ақпарат қолжетімді болғандықтан, жасөспірімдерді өз жасына сай дамып жатқан балалар немесе жасына сай даму процесінен дұрыс өтпегендер деп бөліп айтсам болады. Әрине, оның да түп-тамыры, себебі отбасындағы қарым-қатынастың әсерінен. Қазір көпшілігі "отбасындағы тәрбиеден" деп айта салады. Ал мен отбасында қарым-қатынастың жоқтығынан немесе қарым-қатынастың дұрыс үлгісін ата-ана өзі білмегендіктен, көрсетпегендіктен дер едім. Себебі барлық психикалық бұзылыстың басты себебі - қарым-қатынас", - деп түсіндірді маман.

 

Қазіргі жасөспірімдердің негізгі проблемасы қандай?

Жасөспірімдерде түрлі проблема кездеседі. Біреу томаға тұйық қалыпқа енеді, біреуі мүлде өзгеріп кетеді. Енді бірі өзін ешкімге қажетсіз сезініп жатады. Асылзат Құралтайқызы жасөспірімдерде кездесетін мәселелерді атады.

"Қазіргі жасөспірімдердің басты мәселесі - ата-анамен қарым-қатынас кезінде түсініспеу, өз пікірін білдіріп, ашық айта алмау, өзіне деген сенімсіздік", - деді ол.

Ата-ана не білуі керек?

Баланың ең жақын адамы - ата-анасы. Сондықтан бұл кезеңнен өтерде де ата-ана балаға бірден-бір көмекші болуы керек.

"Жасөспірім шақта ата-ана баласының бұл кезеңнен бір күні өтетінін және ол балаға да қиын болып жатқанын, оған қолдау қажет екенін білуі керек. Ата-ана баламен жақсы, жылы, үйлесімді қарым-қатынас бұл кезеңнен жақсы, жылдам, оңай өтуге көмектесетінін ескеру керек", - дейді маман.

 

Ол ата-аналарға кеңес беріп, қарым-қатынастың қандай үлгісін ұстану дұрыс екенін айтты.

"Ата-аналарға шыдамды, сабырлы болып, баласымен ересек адамдармен сөйлескен секілді ойын, пікірін сұрап санасуы, ойын ашық айтуға рұқсат беруі қажет. Бұл шақта жасөспірімдер үшін достары, құрдастарымен қарым-қатынасы да маңызды саналады. Бұл қарым-қатынас үлгілері балаға қосымша "қор" береді. Дұрыс, дамушы ортасының болуына да көбірек көңіл бөлу керек. Бала өзін осы ортада дамытып, қалыптастырады. Ата-ананың ең басты көмегі - жылы ұясының болуы. Яғни, кез келген уақытта тыңдай білетін, эмоциясын қабылдайтын қарым-қатынас бұл кезеңнен өтуге жақсы көмегін тигізеді", - деп түйіндеді психолог.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!