Ақтөбеде 1-сынып оқушыларына дұрыс вакцина салмаған медбике мен дәрігер жұмыстан кетті

Ақтөбеде 1-сынып оқушыларына дұрыс вакцина салмаған медбике мен дәрігер жұмыстан кетті

Ақтөбеде қырық екі 1-сынып оқушысына манту сынамасы орнына туберкулезге қарсы тірі вакцина салынған. Соның салдарынан балалардың жағдайы күрт нашарлаған. Осы оқиғадан кейін медбике мен дәрігер жұмыстан шеттетілген. Қазір олардың екеуі де жұмыстан шыққаны белгілі болды, - деп хабарлайды "КТК" телеарнасы.

Телеарна мәліметінше, бұл оқиға қыркүйекте болған. Балаларда инъекция орны ісіп, іріңдеп кеткен. Ата-аналар мән-жайын сұрай бастағанда, қате кеткені анықталған. Ұзақ жылдық тәжірибесі бар медбике ампулаларды шатастырып алғаны белгілі болған.

Жанжал болған мектепке мемлекеттік тапсырысты жеңіп алған жеке клиника қызмет көрсеткен. Бұл оқиғадан кейін медбике де, дәрігер де жұмыстан шеттетілген. Енді олардың өз еркімен жұмыстан кеткені белгілі болды. Бірақ іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Айта кетейік, оқу орнына қазір мемлекеттік емхана қызмет көрсетеді. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы жеке орталықпен келісімшартты бұзған.

"Бүгінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұйрығымен "Медикус-орталығының" бас дәрігеріне қатаң сөгіс жарияланды. Балалар бақылауда. "Медикус-орталығына" бекітілген барлық мектеп облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұйрығымен Қарғалы ауруханасына берілді", - деді Ақтөбе облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Түлкібаева.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова