Тоқаев орыс тілін дамыту ұйымын құруды ұсынды. Бұл не білдіреді?

Қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада ТМД елдері президенттерінің жиынында орыс тілін нығайту үшін халықаралық ұйым ашуды ұсынғаны хабарланған. Кейін Президент бұл ұсынысын түсіндірген еді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"300 миллионға жуық адам орыс тілінде сөйлейді"

Тоқаев ТМД жанында орыс тілін насихаттайтын ұйым құру идеясы туралы толығырақ айтып берді.

"Біздің идеямыз - штаб-пәтері Парижде орналасқан Франкофонияның тиімді тәжірибесін пайдалана отырып, БҰҰ-ға ұқсайтын халықаралық ұйым құру", - деді президент ТМД мемлекет басшыларының шағын құрамдағы отырысында.


Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан орыс тілін қолдайтын және дамытатын халықаралық ұйым құру туралы ұсынысы арқылы ТМД халықтарының одан әрі жақындасуына ықпал етуді көздейді.

"Қазір әлемде 300 миллионға жуық адам орыс тілінде сөйлейтінін айта кету керек. Уақыт өте келе халқы орыс тілін жақсы сөйлейтін мемлекеттер осы халықаралық ұйымға кіреді. Ал мұндай елдер Азияда, Еуропада, Латын Америкасында өте көп. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, әріптестеріме осы бастаманы қолдағаны және ұйым қызметінің жалпы қағидаттарын бекіткені үшін алғысымды білдіремін. Жалпы, осы көп қырлы саладағы біздің ортақ көзқарастарымыз мемлекет басшыларының мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы мәлімдемесінде көрсетілген, оны біз бүгін қабылдауды ұсынамыз", - деді президент.

Франкофония тәжірибесі қандай?

Франкофония дегеніміз - французша сөйлейтін елдердің халықаралық ұйымы. 1970 жылы құрылған.

Бұл ұйымға 54 ел мен 7 қауымдастық мүше, тағы 27 ел бақылаушы болып тіркелген.


Халықаралық Франкофония ұйымының картасы

Франкофония төрт негізгі мақсатына сәйкес ұйымға мүше 88 мемлекетке олардың саясатын, халықаралық саясатты және көпжақты ынтымақтастық қызметін әзірлеуде қолдау көрсетеді. Төрт мақсаты мынадай:

  • Француз тілін насихаттау, көптілділік пен мәдени алуандықты қолдау.
  • Бейбітшілікті, демократияны және адам құқықтарын насихаттау.
  • Білім беру, кәсіби дайындау, жоғары білім беру және зерттеулерді қолдау.
  • Тұрақты даму игілігі үшін экономикалық ынтымақтастықты дамыту.

Ұйым барлық іс-шарасында жастар мен әйелдерге, сондай-ақ цифрлық технологияларға ерекше көңіл бөлінеді.

Тоқаевтың ұсынысына сарапшылар не дейді?

Саясаттанушы Замир Қаражанов Bizmedia.kz сайтына берген сұхбатында Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысын қолдайтынын айтты.

"Тоқаевтың мәлімдемесі өте дұрыс. Орыстілді халық Қазақстанда бөтен емес екенін түсіну керек. Ал қазақтiлдi халық Қазақстандағы орыстар бiздiң азаматтарымыз, отандастарымыз екенiн мойындауы керек", - деді саясаттанушы.

Тағы бір саясаттанушы Айдос Сарым да мұндай ұйым керегін айтты.

"Біз оны жаһандық деңгейде қарастыруымыз керек. Ресей орыс тілінің иесі емес. Онда әлем әдебиеті жауһарларының және т.б. орасан зор саны бар. Сондықтан бұл процесті алдын-ала жаһандандыру дұрыс, содан кейін елдер арасында бөлшектеуге болмайды. ТМД-да мәдени жобаларды әзірлейтін осындай ұйым құру түрлі елде кездесетін наразылықтар мен бас тартуларды араластыруға мүмкіндік береді. Екінші жағынан, бұл процесті өркениетті ету, тілге елдік монополиядан арылу және т.б", - деді сарапшы Zakon.kz сайтына.

Ол сондай-ақ Қазақстанда орыс тілінің жағдайы Мәскеу немесе Санкт-Петербургтегіден де жақсы екенін атап өтті. Бірақ, саясаттанушының айтуынша, гастарбайтерлер көп келетін Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстанда тіл мәселесі бар және олар бұл ұйымға қызығушылық танытып отыр.

Қоғам белсендісі, филолог Раушан Мұқанова мемлекеттің басты басымдығы - мемлекеттік тілді дамыту болуға тиістігін анықтады.

"Ел басшылығы мемлекеттік тілді дамыту бағытында қадамдар жасап жатыр, жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Мысалы, биылдан бастап, қазақ мектептерінде орыс тілі тек 2-сыныптан бастап оқытылатын болды. Бұл бастамасы үшін Асхат балаға (министр Аймағамбетов) алғыс айтуға болады. Бірақ батылдау қимылдап, ең құрыса, бастауыш мектепте орысша оқытпау керек. Қазір бастысы – мемлекеттік тіл, содан соң ағылшын тілі. Санкция нәтижесінде Ресей технологияда кенже қалады, орыс тілі технология тілі болудан қалып барады. Сондықтан орыс мектептерін жауып, орыс тілін пән ретінде қалдыру керек. Ресей де қазақ мектептерін жауып, солай жасады емес пе?", - деді филолог Мұқанова inbusiness.kz сайтына берген сұхбатында.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!