16 жылда 100-ден аса жұмысшысы қаза тапқан қарағандылық компания туралы не белгілі?

16 жылда 100-ден аса жұмысшысы қаза тапқан қарағандылық компания туралы не белгілі?

22 қазанда Қарағанды облысындағы "АрселорМиттал Теміртаудағы" кеніште төтенше жағдай болды. Салдарынан бес адам қаза тапты. Бұл кеніште болған алғашқы апат емес. Билік мәліметінше, кеніште 16 жылдан бері 100-ден аса адам қаза тапқан. Бұл қандай компания және бұған дейін қандай апаттар болған еді? Massaget.kz тілшісі шолу жасады. 

"АрселорМиттал Теміртау" қандай компания? 

ArcelorMittal - дүние жүзінде 2-орындағы металлургиялық компания. Люксембургте тіркелген. 18 ел мен 4 құрлықта өндірістік қуаты бар. Өнімдері 160 елде сатылады.

Қазақстандағы "бөлімшесі" "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ға тиесілі. Оның құрамында Қарағанды металлургиялық комбинаты, 8 көмір шахтасы, 2 электрстанциясы, Лисаков тау-кен байыту комбинаты, Ақтау құбыр зауыты, темір-марганец кеніштері және қосалқы кәсіпорындары бар.

1995 жылы Қарағанды металлургия комбинатын жекешелендіру жөніндегі жабық тендерде сатып алу арқылы "Испат Кармет" АҚ ретінде құрылды. Ал 2004 жылғы желтоқсанда "Испат Кармет" АҚ "Миттал Стил Теміртау" АҚ, ал 2007 жылғы 6 қыркүйектен бастап "АрселорМиттал Теміртау" АҚ болып қайта тіркелді. 

Фото: Тұрар Қазанғапов

Компанияда болған төтенше жағдайлар 

2010 жыл

12 жыл бұрын мамырда Қарағанды облысында компанияға тиесілі Күзембаев атындағы кенішінде көміртегі тотығының концентрациясы жоғары болуына байланысты кеншілер эвакуацияланды. Концентрация 560 метр деңгейінде көтерілген. Ол кезде 162 кенші жер астында жүрген. Кеншілер екі сағаттан кейін эвакуацияланды. Абырой болғанда, бұл жағдайда зардап шеккендер болмады. Бірақ кеніш жұмысы уақытша тоқтатылды. 

Айта кетейік, көміртек тотығы деңгейінің көтерілуі адам ағзасына зиян. Яғни ол гемоглобиннің оттегін тасымалдау және жеткізу қабілетін төмендететіп жіберетін, иісі сезілмейтін газ.    

Тұрар Қазанғапов 

Бұл оқиғаның алдында 2009 жылдары маусымда компанияға тиесілі көмір департаментіне жататын "Тентекская" кенішінде апат болып, 3 қызметкер қаза тапқан, тағы біреуі жарақат алған. Ол кезде көмір мен газ шығып, салдарынан жер астында жүрген 94 адамның 90-ы эвакуацияланған. 

2010 жылы маусымда тағы бір жайт болды. Костенко атындағы кеніште жұмысшы көмір бункеріне құлап, қаза тапты. 1969 жылы туған ер адам оқиға орнында мерт болды. Бұл сол жылы 26 маусымда болған оқиға. Tengrinews.kz мәліметінше, үш күн бұрын, 23 маусымда тағы бір оқиға болған - Күзембаев атындағы кеніште жарылыс шығып, салдарынан екі адам қаза тапқан. Бұл дерек бойынша техника қауіпсіздігінің бұзылуына қатысты қылмыстық іс қозғалды. 

2010 жылы желтоқсанда бункер қабырғаларынан шихта құлап, салдарынан 22 жастағы ер адам және 55 жастағы әйел қаза тапқан. 

2012 жыл

2012 жылы қарашада кеніш шатыры құлап, салдарынан төрт адам үйінді астында қалып қойған. Артынша төртеуі де құтқарылды. 

2016 жыл

10 қарашада "Саранская" кенішінде төтенше жағдай болды. Оқиға орнында 3 кенші қаза болды, тағы 5 адам ауруханаға жеткізілген. Артынша ауруханаға жеткізілген бір адам қайтыс болды. Компания өкілдері қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, оларға он жылдық жалақысы көмек ретінде берілетінін айтты. "АрселорМиттал Теміртау" мәліметінше, қаза тапқандар мен зардап шеккендер техника қауіпсіздігін сақтамаған және техникалық стандарттарға сай емес көлікті пайдаланған. 

2017 жыл

31 тамызда "Казахстанская" шахтасында таңғы сағат 04.00 шамасында метан шыққан. Кеніште шамамен 136 адам болған. Апаттық аймақта 4 адам жүрген. Үш адам өлі табылды. 

Сол жылы "Абай" кенішінде де метан шыққан. Салдарынан алты адам қаза болған еді. 

2022 жыл

3 қарашада Қарағанды облысы Шахтинск қаласындағы "АрселорМиттал Теміртаудағы" кеніштердің бірінде төтенше жағдай болды. Газды дренажды ұңғымаларды бұрғылау кезінде кенеттен газдың шығып кеткен. Салдарынан 5 қызметкер қаза тапты. Қаза болған қызметкерлер 1980, 1984, 1991, 1993, 1996 жылы туған. Бұл жағдайдан кейін қауіпсіз жұмыстарды жүргізуге жауапты екі басшы қамауға алынды. 

Жалпы биліктің мәліметінше, кәсіпорындарды 2006 жылдан бастап 100-ден аса адамның өмірін қиған 20-дан аса апат болған екен. 

Биліктің реакциясы қандай болды? 

Кәсіпорындағы кейінгі апаттан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеме жасады. Ол кәсіпорнында апаттар жиілеп, қайталана беретін жағдайға жеткенін атап өтті. 

"Мемлекеттік органдар тарапынан бірнеше рет ескерту жасалғанына қарамастан, жағдай жақсармай отыр. Осыған орай жедел түрде қатаң шаралар қабылдауға тура келеді. Мен бұл жөнінде жуырда Қарағандыда сөйлеген сөзімде ескерттім. Кәсіпорынға кешенді тексеру жүргізу керек. Соның ішінде еңбек қауіпсіздігі мен барлық экологиялық норма талаптарының сақталуына мән берілуге тиіс. Комбинаттың иесі техникалық жағдайды жақсартуға және жаңғыртуға жеткілікті дәрежеде инвестиция құйғанын анықтау маңызды. Бәлкім бұл жұмысқа зауыттың жағдайына шынайы баға беретін халықаралық компанияны тарту керек шығар. Мұндай қайғылы жағдай қайталанбауы үшін барлық қажет шараны қабылдау керек. Ең бастысы - азаматтарымыздың денсаулығы мен өмірі", - деді Президент мәлімдемесінде. 

"АрселорМиттал Теміртаудағы" апаттардың жиілеу мәселесін депутат Юрий Жулин де көтерді. Ол премьер-министр Әлихан Смайыловқа арнайы сауал жолдады. Депутат компаниядағы апаттар әдетке айналып кеткенін атап өтті. 

"Кеніштің өзінде 100-ден аса адам қаза тапқан. Тексеріс кезінде жүздеген, мыңдаған бұзушылық анықталып жатады. Трагедиялар көбінесе өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын елемеу себебінен болады. (...) Мұндай жайттар қашанғы қайталана бермек? Ел қашанғы қаза болған кеншілердің отбасына көңіл айтып, қайғырып өтеді?" - деді депутат. 

Жулин "АрселорМиттал Теміртаудың" топ-менеджментіне қатысты шара қолдану керегін айтты. 

"Жауапкершілікті қарапайым менеджерлер мен жұмысшыларға жүктеуді тоқтату керек! Үкімет "АрселорМиттал" заңымызды құрметтеуге және алған міндеттемелерімізді орындауға одан әрі демонстрациялық құлықсыздық жағдайында меншік иесін ауыстыру мәселесімен байыпты айналысуға кірісетін уақыт келді. Одан бөлек, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік инспекторлар қызметін қолдау мәселесі шешу қажет. Жалақы мен әлеуметтік қорғаудың төмен деңгейіне байланысты кадрлардың тапшылығы мен жоғары айналымы өнеркәсіптік кәсіпорындарға мемлекеттік бақылауды айтарлықтай әлсіретеді", - деді депутат. 

Бүгін премьер-министр Әлихан Смайылов өнеркәсіп өндірістерінің иелеріне, оның ішінде "АрселорМиттал Теміртауға" қойылатын жаңа талаптар туралы айтып берді.

Депутат Сергей Ершов Сенат отырысында Смайыловтан өнеркәсіптік қауіпсіздікке қойылатын талаптарды қатаңдату жөніндегі нақты шаралар туралы сұрады. 

"Қарағанды облысындағы "АрселорМиттал Теміртау" шахтасындағы апатқа келетін болсақ, осы компания үшін көмір өндіру жөніндегі жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты жақында қайта қарау барысында біз көмір өндірісін жаңғыртуға жыл сайын кемінде 150 миллиард теңге көлемінде инвестициялар бөлу, сондай-ақ көмір қабаттарын газсыздандыруға 37 миллиард теңге бөлу туралы алғаш рет қосымша талаптар жаздық. Бұрын мұндай міндеттер болған емес. Жер қойнауын пайдаланушының басқа да міндеттемелері бар. Бірақ біз осындай қосымша талаптар мен басқа да жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты міндеттемелерді күшейтуді жоспарлап отырмыз", - деді Әлихан Смайылов.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина