Алматыдағы тұрғын үйлердің бірінде жантүршігерлік жайт болды

Алматыда 22 жастағы жүкті әйел тұрғын үй кешенінің 8-қабатынан секіріп кетті. Ол ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Бірақ дәрігерлер аман алып қала алмады, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы. 

Куәгерлер әйелдің мұндай қадамға баруына отбасылық жанжал себеп болуы мүмкін деп отыр. Жантүршігерлік оқиға түн ортасында көпқабатты үйде болған.

Күйеуінің түнде айқайлап жылаған дауысынан оянып кеткен көршілер дереу жедел жәрдем шақырған. Тұрғындардың сөзінше, әйел қан-жоса болып жерде жатқан. 

"Мен үйде отырғанмын. Біреудің гүрс етіп құлағанын естідім. Айқай-шу көтеріліп кетті. Күйеуі бірден жүгіріп келді. Мен де шығып, жедел жәрдем шақырдым. Әйелдің қол-аяғы сынды. Күйеуі кеше өзін тым эмоционалды ұстаған еді. Маған ол мас болып көрінді", - деді куәгер Мирас Жақыпов.

Тұрғындар жедел жәрдемді ұзақ күтіп қалғанын айтады. Аула тар, сондықтан жедел жәрдем немесе өрт сөндіру көлігі кіруі қиын екен. 

"Жедел жәрдемді 40 минут күттік. Олар жеткен соң, ауламызға кіре алмай, біраз уақыт айналып жүрді. Себебі, тұрғындардың көлігі аулаға кірер жолды жауып тастаған екен. Орын жоқ. Әйтеуір, дәрігерлер әйелді зембілге салып, алып кетті. Ол кезде әйел тірі еді", - дейді куәгер.

Науқас клиникалық өлім диагнозымен 7 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген. Жүктіліктің 9-10 аптасында болғаны анықталды. Дәрігерлер реанимациялық іс-шараларды жүргізгенімен, әйел есін жимастан қайтыс болды.

"Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

"Бұл деректі Наурызбай аудандық полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 105-бабы бойынша соталды тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркеді. Сот-медициналық сараптама тағайындалды", - деді Алматы қалалың полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!