"Балағаттау насихатқа айналды": Депутат қазақстандық фильмдерді сынады

Мәжіліс депутаты Мақпал Тәжмағамбетова ұлттық құндылықтарды аяқасты еткен фильмдерді кинотеатрларда көрсетуге рұқсат бергендерге шүйлікті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутат бас прокурор Берік Асылов пен мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа осы фильмдер аясында депутаттық сауал жолдаған. 

"Сорақылық төрге озған заман болды. Сахнаға шыққан әнші мас боп сөйледі, боқауыз да айтты, құтылды. Ұлттық құндылықтарды аяқасты еткендер тек кешірім сұраумен сытылды. Ал балағаттау насихатқа айналды", - дейді ол.

Депутат соның бір көрінісі ретінде дәл қазір Қазақстанның барлық кинотеатрында көрсетіліп жатқан "Пацанская история" фильмін атады.

"Осындай фильмдер біртұтас ұлттың тағдырына, қоғамға, идеологияға, мемлекеттік саясатқа кереғар әсер етіп жатыр. Бұл фильмдер кинотеатрларда кешкі сағат 18:00-ден бастап көрсетіліп жүр. Оң-солын танымаған жастар, ата-анасынан кешкі уақытқа сұранып шыққан жасөспірімдер емін-еркін көріп жүр. Сонда бұл заңды білмеу ме, әлде көпе-көрінеу заңды белден басу ма? Жаңа Қазақстанда заң үстемдігін орнатуға күш салып жатқанда мұндай сорақылыққа кім және не үшін жол беріп отыр? Прокаттауға рұқсат беретін мәдениет министрлігі бұған не дейді?", - деп ашуланды мәжіліс депутаты.

Сол себепті Тәжмағамбетова аталған фильмді кинотеатрларда көрсету барысында заң талаптарының бұзылуына жол берген тиісті мекемелерді прокуратура тарапынан тексеріп, тез арада жауапқа тартуды сұрады. 

Бұнымен қоса ол мұндай сорақылыққа жол бермеу үшін кино саласы жіті қадағалауға алынуы қажет екенін айтты. 

Сондай-ақ әлеуметтік желідегі жарияланымдарға, театрға және басқа да қоғамдық орындарда көпшілік қауымға арналған қойылымдарға сахна әдебіне қатысты заң талаптары күшейтілуі керек.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!