"Қағаздың астына қойып кетіпті". "Есіңе мені алғайсың" әні қалай шыққан?

"Қағаздың астына қойып кетіпті". "Есіңе мені алғайсың" әні қалай шыққан?

Мәдина Ералиеваның орындауымен бүкіл қазаққа сыңғырлап жеткен "Есіңе мені алғайсың" әнінің сөзін ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жазған. Ал бұл өлеңнің басқа да нұсқалары барын білесіз бе? Massaget.kz тілшісі "Есіңе мені алғайсың" әнінің шығу тарихы туралы жазады.

Мұқағали Мақатаевтың өлеңіне жазылған 86 ән бар. Оның ең елеулісінің бірі - осы "Есіңе мені алғайсың". Себебі бұл әнін де, сөзін де, орындаушысын да дәл тапқан туынды саналады. 

"Лашын анам да айтып отыратын, ол кісі бір нәрсе айтса, сол дәл келіп отырады екен. Көрегендігі шығар. Өз өлеңінде де 45 жасында өмірден кететінін жазған. Сондықтан өмірден өтетін уақыты таяп қалғанын біліп, артындағы ұрпағы есіне алып жүрсін деп жазған сияқты", - дейді Мақатаевтың келіні Бақытгүл Айдарова "Хабар" арнасына берген сұхбатында.

"Есіңе мені алғайсың" өлеңіне бірнеше рет ән жазылған. Сондай нұсқаның бірін композитор Нұрғиса Тілендиев жазыпты. 

Композитордың жары Дариға Тілендиеваның айтуынша, сазгер Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне ынтық болып, газетке шыққан әр туындысын жібермей оқыған. Кейін екеуі танысып, өмірге 30 шақты ән әкелген. 1975 жылы Мұқағали сазгердің үйінде бір ай жатып, екеуі бірнеше ән шығарған екен. "Есіңе мені алғайсың" - Мұқағали Мақатаев пен Нұрғиса Тілендиевтің ең соңғы әні.

"Мұқағали 1976 жылы қайтыс болды. Сол кезде Нұрағаң қатты қайғырды, жылады. Мұқағали өмірден өткеннен кейін Нұрағаң қағаздарын ақтарып жатып, "Есіңе мені алғайсың" өлеңін тауып алды. Қағаздың астына қойып кетіпті. Сол поэзияны оқығаннан кейін Нұрағаң ағыл-тегіл болып жылады. Тура сол күні ән шығарды", - дейді Нұрғиса Тілендиевтің жары Дариға Тілендиева.

Әннің бұл нұсқасын "Отырар сазы" оркестрі орындап жүр.

Ал халыққа кең тараған нұсқаны ақын, әнші-композитор Елена Әбдіхалықова әнді 20 жасында жазған. Қызылорда педагогикалық институтының 2 курсын тәмамдап, жазғы каникул кезінде ауылға барғанында осы ән жарыққа шығыпты.

"Әлі есімде, Мақатаевтың "Соғады жүрек" деген екі томдық кітабы болған. "Есіңе мені алғайсың" өлеңін сол уақытқа дейін неше мәрте оқыған болуым керек, бірақ дәл сол күні қатты әсер етті. Жылдың төрт мезгілінде де мені есіңе ал... Сол кездегі менің жастық күйіме, ғашық күйіме, пәк күйіме, таза күйіме дөп келгендей. Ақынның құдыреттілігінің өзі сонда. Бірден домбырамды алып, Мұқаңның осы өлеңін өзім ән қылып айта бастадым", - дейді ол.

Сазгердің айтуынша, ол кезде "Ән жаздым, мінекей" деп бүгінгідей жүгіріп барып, көрсету деген жоқ. Отырған ортасында, жүрген жерінде, ақындар айтысына барғанда айтып жүрген екен.

"1994 жылы қазақтың күміс көмей әншісі Мәдина Ералиева Қызылордаға келген кезінде мені жолықтырып, екеуіміз отырыста, концертте бірге болдық. "Осындай бір әдемі ән естіп жүр едім, кімнің әні деп жүрсем, өз сіңілімдікі екен. Маған рұқсат берсең қайтеді" деп сұрады. Содан Алматыға барған бір сапарымда сол кісінің үйінде болып, бір түн отырып, мен домбырамен, ол кісі сырнайымен таң атқанша осы әнді айттық", - дейді Елена Әбдіхалықова.

Кейін бұл ән Мәдина Ералиеваның орындауында жарқырап бүкіл қазақтың құлағына сыңғырлап жетті. Мәдина Ералиеваны еске алу кештерінде осы әнді жұрт әлі жылап отырып тыңдайды.

Оған дейін де бұл әнді Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова домбырамен айтып, эфирге шығарып, концерттерінде орындап жүрген. Бұл ән әлі күніге Жүнісованың репертуарында бар.

Мадина Ералиева қайтыс болған соң, халық сұрауымен Елена Әбдіхалықова бұл әнді Жұбаныш Жексенұлымен орындай бастаған.

"Мақатаевтың шығармасының арқасында, поэзиясының құдыретінің арқасында менің де даңқым біраз жерге барды. Қазір сол "Есіңе мені алғайсың" менің бір төлқұжатым іспеттес ән болып қалды. Кейде осы әнді мен жаздым ба деген сияқты ой келеді", - дейді Елена Әбдіхалықова.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш