Түркістан облысында тұтас бір ауылды су басты

Түркістан облысында тұтас бір ауыл судың астында қалды, - деп хабарлайды КТК телеарнасы. 

Бүгінде Төле би ауданында құтқарушылар жұмыс істеп жатыр. Екі күннен бері толассыз жаңбыр жауып, тау арнасы жағалаудан шығып, су Загамбар ауылына құйылып кеткен. Топан су салдарынан 25 аула, мектеп және балабақша су астында қалған. 

Бүкіл ауыл құтқару жұмыстарымен айналысып жатыр. Билік халықпен бірге ТЖД қызметкерлеріне көмектескен. Шамамен жарты мың қап құм жұмсалған. Жағдай әлі тұрақсыз, себебі синоптиктердің болжамы бойынша, алдағы күндері де жаңбыр жауу мүмкін. 

"Қаза тапқандар мен жарақат алғандар жоқ. Алайда жаңбыр әлі де жауады. Сондықтан ТЖДтехникасы мен мамандары дайын. Тау каналының бұзылған беткейін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деді облыстық ТЖД басшысының орынбасары Ерік Сарыбаев. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!