Билікті күшпен басып алу, мемлекетке опасыздық. Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталған шенеуніктер

Билікті күшпен басып алу, мемлекетке опасыздық. Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталған шенеуніктер

Қаңтар қасіретінен кейін елімізде әртүрлі айыппен шенеуніктер ұсталды. Оның ішінде комитет басшысы, депутат, министр де бар. Massaget.kz тілшісі Қаңтар оқиғасынан кейін қолына кісен салынған шенеуніктер туралы жазады.

Кәрім Мәсімов


Фото ©Тұрар Қазанғапов

6 қаңтарда Кәрім Мәсімов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылды. Ал 8 қаңтарда Мәсімов ұсталғаны хабарланды. 

"6 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекетке сатқындық жасау дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 175-бабының 1-бөлігі бойынша соталды тергеуді бастады", - делінген сол кезде хабарламада.

Яғни, Мәсімовке "Мемлекетке опасыздық жасау" бабы бойынша айып тағылды. 

Артынша, Мәсімов премьер-министр лауазымында болғанда елордада бизнес-құрылымдардың бірінен құны 2,5 миллиард теңгеге жуық элиталық қонақүй мен жер учаскесін алу дерегі бойынша тергеу басталды.

Одан бөлек, Мәсімовтің жабық келісімшарттардың бірі бойынша шет мемлекет өкілдерінен 2 миллион АҚШ доллары сомасында пара алу дерегіне тергеу жүріп жатқаны айтылған.

Негізі, Мәсімовті тергеу жабық түрде өтіп жатыр, іс материалдары - құпия. Қаңтардан бері Мәсімов қамауда, қазанда ғана оны қамау мерзімі желтоқсанға дейін ұзартылған.

7 қарашада Кәрім Мәсімов пен оның бұрынғы орынбасарларының ісі сотқа жеткені хабарланды. 

Мәсімов мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу, ауыр зардаптарға әкеп соққан билік пен лауазымдық өкілеттігін өзіне және басқаларға пайда мен артықшылықтар алу мақсатында асыра пайдалану баптары бойынша сотқа берілді. 

Әнуар Садықұлов


Әнуар Садықұлов. Фото:sgork.gov.kz

13 қаңтарда Мәсімовтің орынбасары Әнуар Садықұлов ұсталды. Ол дәл Мәсімовке тағылған айыптар бойынша күдікті деп танылды. 

Ол бойынша да әлі тергеу жүріп жатыр. Садықұлов 2019 жылы қаңтарда ҰҚК төрағасының орынбасары болып тағайындалған. Одан бөлек ол "А" Арнаулы мақсаттағы қызметінің директоры қызметін атқарды.

Садықұлов қазір қамауда.

Тағы бірқатар орынбасар ұсталды


Дәулет Ерғожин. Фото Тұрар Қазанғапов ©

Садықұловпен бірге 13 қаңтарда ҰҚК төрағасының бірқатар орынбасары ұсталды.

Дәулет Ерғожин билікті күшпен басып алу (ҚК 179-бабының 3-бөлігі), ауыр зардаптарға әкеп соқтырған билік пен лауазымдық өкілеттіктерді өзіне және басқаларға пайда мен артықшылықтар алу мақсатында асыра пайдалану (ҚК 362-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы) баптары бойынша айыпталып жатыр.

М.С. Осиповке (ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары), Д.М. Акиповқа (ҰҚК департамент бастығының бұрынғы орынбасары) және Н.К. Бекмуратқа (ҰҚК-ның бұрынғы басқарма бастығы) Қылмыстық кодекстің 362-бабының ("Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану") әртүрлі бөліктері бойынша айып тағылған.

Қайрат Құдайберген


Қайрат Құдайберген. Фото: facebook.com/KudaibergenKairat 

21 сәуірде Алматы қаласы мәслихатының бұрынғы депутаты, Q3 Worldwide инвестициялық холдингінің негізін қалаушы және бас директоры, блогер Қайрат Құдайберген ұсталды. Шілдеде Құдайберген мандатынан айырылды.

Прокуратура Құдайберген Алматыдағы қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды және оған қатысты деген күдікке ілінгенін растады.

"Алдын ала тергеу мәліметінше, Қ.Қ. Құдайберген А.Б. Жұмагелдиевпен ("Дикий Арман") бірге "Қазақстан" қонақүйінде адам жинауды ұйымдастырып, Жұмагелдиевпен бірігуге, оны қолдауға және билікке бірдей талаптар ұсынуға шақырғаны, сондай-ақ адамдарды 10 адамнан бөліп, олардың топтарының ерекшеліктерінің белгісі ретінде қолдарына ақ таңғыштарды таңуға нұсқау бергені анықталды", - деді прокуратура өкілдері.

Экс-депутат әлі де қамауда отыр, оған қатысты сот отырысы өткен жоқ.

Серік Күдебаев


Серік Күдебаев. Фото:gov.kz

Алматы облысы Полиция департаментін басқарған генерал-майор Серік Күдебаев 18 ақпанда қызметінен босатылғаны хабарланған. Ал мамырда ол күдікті деп танылды.

"Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 370-бабы 4-бөлігі 1-тармағы "Ауыр зардаптарға алып келген қызметтегi әрекетсiздiк" бойынша тіркеліп, Серік Мырзақұлұлы Күдебаев күдікті деп танылған облыстық ПД лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істі тергеу жалғасып жатқанын хабарлаймыз", - деген еді Бас прокуратура өкілдері Tengrinews.kz сауалхатына.

Алматы облысының бұрынғы әкімі Қанат Бозымбаев сұхбаттарының бірінде Серік Күдебаев Қаңтар оқиғасы кезінде туған ауылына кетіп қалғанын айтқан.

Мұрат Бектанов


Мұрат Бектанов. Фото: ҚР ҚМ

Қаңтар оқиғасы кезінде қорғаныс министрі қызметінде Мұрат Бектанов болған. Сол кездегі жұмысы үшін оны Мемлекет басшысы сынаған еді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Мұрат Бектанов Қазақстандағы тәртіпсіздіктер кезеңінде командир ретінде қабілетін көрсете алмаған.

Ал ақпанда Мұрат Бектанов ұсталды. Бас прокуратура сол кезде Мұрат Бектановқа қатысты Қылмыстық кодекстің 452-бабы ("Биліктің әрекетсіздігі") дерегі бойынша соталды тергеу бастады. 

22 қазанда Бектановқа қатысты қылмыстық іс әскери сотқа жолданды.

Жұмабай Қарағаев


Жұмабай Қарағаев

15 қаңтарда бұрынғы энергетика вице-министрі Жұмабай Қарағаев ұсталды. Оған сұйытылған мұнай газының бағасын негізсіз көтеруге қатысы бар деген айып тағылды.

"Маңғыстау облысы бойынша қаржы мониторингі агенттігінің аумақтық департаментінің жедел-тергеу тобы Қазақстан Республикасының энергетика вице-министрі Жұмабай Қарағаевты, электрондық сауда алаңдарының басшыларын және Маңғыстау облысындағы сұйытылған мұнай газының бағасын негізсіз көтеруге қатысы бар тұлғаларды ұстады", - деді агенттік өкілдері.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш