Сәбиін алдына алып такси болып жүрген келіншек Қазнетті тәнті етті

Әлеуметтік желілерде такси болып ақша тауып жүрген әйелдің оқиғасы баяндалған жазба тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Желіде жарияланған жазбада балалы әйелдің көлік жүргізіп, нәпақасын тауып жүргені айтылады.

"Такси шақырдым. Рөлде орамал тартқан жас келіншек. Алдыңғы жолаушыға арналған орындықта жөргектегі бала жатты. Мұндайды алғаш көрген мен тосырқап қалыппын. 5 минут жүрдік пе, жүрмедік пе бала жылады. Жүргізуші келіншек сасқан жоқ, баланы бір қолымен көтеріп, алдына алды. "Мәмесін" берді-ау деймін, бала жылауын қойып, тынышталып қалдық. Үнсіз отыруға шыдамым жетпеді, жөнсіз болса да жүргізуші келіншекті әңгімеге тарттым", - дейді видео авторы.

Автордың сөзінше, әйелдің баласы бес айлық. Таңғы жетіден түске дейін такси болып қызмет етеді, түскі астан соң қайта жұмысқа шығады екен.

"Енді қайтеміз" деп әңгімеге селқостық танытты. Қазбалап сұрауға ниеттенсем де көңіліне қарап мен де үнсіз қалдым. "Жолдасым жоқ" дейді. Енді ойға батып отырмын. Әркімде әртүрлі тағдыр ғой. Бірақ неге босана салып, осы күйбең тірлікке кірісіп кетті екен? Көлікке де күні-бойы кім көрінген мінеді. Ауру-сырқауы бар. Қандай дені дұрыс адам жөргектегі сәбиді шырқыратып, түнге дейін таксилетеді? Әрине қажеттілік. Амалдың жоқтығы. Кредиті бар шығар. Бұл жағдайға кімді кінәлаймыз? Біз үлкен ел емеспіз бе, "Әділетті, жаңа Қазақстанбыз ғой". Ал бұл жағдай әділеттілікке жата ма? Баласы үлкен азамат болсын. Тілеулес болып қана қаламыз біз енді", - деп жазылған жазбада.

Мұхтар Өміртай есімді Instagram қолданушысы әйелдің есімі Әсел екенін жазған. Оның сөзінше, қайырымдылық қорлары да оған көмектесуге ниет білдіріп отыр. 

"Үлкен қайырымдылық қорлары Әсел ханымға көмектесуге ниетті екен. Әсел ханыммен телефон арқылы сөйлестім. Ақ пейілдеріңізге шексіз ризашылығын білдіріп жатыр. ...Ол кісі жеке өмірі туралы көпшілікке жария еткісі келмей отыр. Әзірге белгілісі - Әсел ханым екі баланың анасы. Кішісі бес айлық. Бос уақытында көлік жүргізіп, табыс тауып, екеуін жалғыз өзі жеткізіп отыр", - деп жазған ол.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!